385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысы бал аралары мекенін тастап кетуде

  • 146
  • UPD: 09:03, 01.08.2019

Түркістан облысында бал аралары мекеніне қайта оралмай, омарташыларды әбігерге салуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылай деп дабыл қаққан Түлкібас ауданындағы бал арасын асыраушылар мұның себебін түсінбей дал. Сондай-ақ жарғақ қанаттыларға қажетті өсімдіктер мен гүлдер де өңірде азайып кеткен.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Омарташылар бал араның жағдайы үшін үнемі жер ауыстырып отырады. Себебі шөбі шүйгін, өсімдіктің гүлі басым жер ара үшін қашанда қолайлы. Бал арасына ауа райы да әсер етеді. Ал «соңғы кезде аралар мекенін тастап, жоғалып кетуде» дейді омарташылар

Нұрақбай Тәжіқұлов омарташылық кәсіпке бала кезден бет бұрған. «Содан бері бұйырған балды жеп келеміз», - дейді ол. Бал арасын баласындай көретін омарташы жыл он екі ай бабын жасап келеді. Қазір Нұрақбай ағада 60-тан астам ара ұяшығы бар. Одан балды жинау жаздың алғашқы айында сосын қара күзде басталады. «Алайда биыл әселдің жайы жылдағыдан қарағанда көп емес», - дейді бал арасын өсіруші. Себебі ұядан ұшып шыққан аралар қайта мекеніне оралмауда.

Нұрақбай Тәжіқұлов, омарташы:

- Биыл аралардың кеселі көбейді. Мен ойлаймын, ауа райынан да болды. Бір жағынан көктемде жаңбыр көп болды. Гүлденген жемістер шаңдалмады. Бәрі төгіліп кетті. Білмейміз өліп жатыр ма? Ұшып кетеді де қайтып келмейді.

Ал кеше ғана таудан түскен омарташы Талғат Байғұтов қазір бал араларын үйінде ұстауда. Себебі сыртта араға қорек аз. «Ал есік алдындағы бау-бақшамен гүлдердің шырыны қар түскенше талғажау етуге тұрарлық», - дейді әуесқой омарташы. Әкеден балаға мирас болған ата кәсіпті немерелерім меңгерсе дейді ол. Ал Талғат ағаның бал арасына биыл еш зиян келмепті.

Талғат Байғұтов, омарташы:

- Алдыңғы күні түстік. Күн ыстық болғаннан кейін кеуіп кетті. Соңғы кезде жауын-шашын аз болғаннан кейін өсімдіктерде балалау кезінде нәр болмай қалады. Ертерек кеуіп кетеді. Содан түсіп жатырмыз. Өзімізді өзіміз жұмыспен қамтамасыз етіп жатырмыз. Бала-шағаға бұйырған несібені алып жатырмыз. Ешқандай мәселе жоқ.

Омарташылыққа бет бұрғандар бал ара үшін мемлекеттен қолдаудың жоқтығын да жеткізді. Алайда ауданның ауыл шаруашылығына жауапты мамандар болса, субсидия іріленген омарташыларға берілетіндігін айтады.

Жұмабек Жанұзақ, Түлкібас аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Бала арасына субсидия басталғалы бері бұл тек қана асыл тұқымды шаруашылықтарға ғана төлейміз. Биылғы жылдан бастап 5 мың теңге әр араның ұяшығына беріледі. Бұл жерде 10 араның ұясынан кем болмауы керек деген талаптарға жауап беруі керек.

Омарташылар қауымдастығы қазір бас көтеріп, мәселелерін үлкен мінберден Үкіметке жеткізуде екен. Олардың мақсаты - еліміздегі саусақпен санарлы бұл кәсіпті сақтап қалу.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы