386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда әкімдігі иесіз ит пен мысықты аулап, асырауға 120 миллион теңге жұмсамақ

  • 157
  • UPD: 11:07, 01.08.2019

Биыл елорда әкімдігі иесіз қаңғып жүрген ит пен мысықты аулап, асырауға 120 миллион теңге жұмсамақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыз толтырып айтарлықтай сома. Осынша қаржыны кім, қайда, қалай жұмсайды деген сұрақты біздің арна тілшілері анықтауға тырысты.

Камера мен микрафон ұстап төтеннен келген тілшілерді «Астана ветериналық қызметінің» мамандары мекеме аумағына кіргізбеді. Жөндеу жүріп жатыр деген сылтауды желеу етіп, арнайы пресс-турға шақырамыз деп арқамыздан қақты. Амалсыз сырттай сығаладық. Мәліметке қарағанда, 300 хайуанға арналған мына алаңқайда бүгінде 700 салпаң құлақ бар.

Юлия Педченко, еріктілер қозғалысының жетекшісі:

- Негізінде бөлінген қаржыны жүйелі жарататын болса, 300 емес, 700 итті де жеке үйшікте ұстауға болар еді. Сондай-ақ мына аумақты уақытылы тазалап, ит пен мысықтың тамағы мен суына жеткізуге болады.

«Астана ветеринарлық қызмет» мекемесі мамандарының айтуынша, жүздеген иттің тәуліктік азығы үш қап жем. Дегенмен, еріктілер қамаудағы ит-мысық біздің арқамыза арам қатпай жүр дейді. Себебі қаңғыбас иттерге тамақ алу үшін қалталарынан ақша шығарады.

Юлия Педченко, еріктілер қозғалысының жетекшісі:

- Аштан бұралған бұралқы иттерді тамақтандыру үшін күніне 4-5 қап жарма сатып аламыз. Салмағы шамамен 100 келідей болады. Оған қоса, дүкендерден еті сылынған құр сүйекті әкеліп, жарма қосып қайнатамыз. Осылайша, тәулігіне 700 литр ботқа істеп береміз.

Еліміздің азаматтық кодексі бойынша иесіз мүлікке екі ай ішінде ешкім қол сұға алмайды. Бұл заң қаңғыбас иттерге де қатысты. Сондықтан қараусыз көше кезіп жүрген ит-мысық мұнда 60 күн қамауда болады. Осы аралықта иесі табылмаса, ары қарайғы тағдыры шешіледі. «Дегенмен, бізде заңды белден басатын кездер жиі кездеседі», - дейді тұрғындар.

Екатерина Соколова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Мекеменің ауласына басып кіріп, үш итті көз алдымызда атып тастады. Біз оларды күнде тамақтандырып, тіпті үйшік салып берген едік. Олар бізге үйреніп, нысанды күзетіп жүрген болатын. Алайда «Астана ветеринарлық қызметі» мамандарына оларды жайратып салып, бөлінген ақшаны қалтаға басу тиімді болды деп ойлаймын.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, дамыған елдерде бұралқы ит пен мысықты бақылайтын, заң тұрғысынан қорғайтын және атқарушы органдар бар. Әрқайсы өз қызметіне жауаппен қарайды. Егер бізде де қаңғыбас хайуандарды аулау мен асырау мәселесін жүйелі жолға салмаса, бұралқы ит пен мысықтың көбеймесе, кемімейтіні белгілі.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Даная Исатай

Хабар 24 телеарнасы