386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда 197 отбасы апатты үйде тұрып жатыр

  • 141
  • UPD: 19:49, 01.08.2019

Петропавлда 197 отбасы апатты үйлерде тұрып жатыр. Өткен ғасырдың 50-жылдары салынған баспаналар қазір құлаудың аз алдында тұр. Себебі қабырғалары сөгіліп, төбелері опырыла бастаған.

Қала тұрғыны Арман Сейтенов күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Өйткені осыдан бір ай бұрын әке-шешесі тұратын пәтердің төбесі опырылып түсіпті. Содан бері жөндеу жұмыстарын да жүргізе алмай келеді. Себебі қабырғалары үгітіліп жатыр.

Арман Сейтенов, қала тұрғыны:

-Төбені целлофанмен жауып қойдық. Жөндеуге келмейді. Ертең күн суытса қалай болады екен деп уайымдаймын. Әке-шешем бір ай бойы жалдамалы пәтерде болды. Зейнет жасындағы адамдар болған соң, өзгенің баспанасында көп тұра алмады. Былтыр жатын бөлме де дәл осындай жағдай орын алған еді.

Труд көшесіндегі 57 үйде 8 отбасы жанын шүберекке түйіп, түтін түтетіп отыр. Тұрғындар осыдан бірнеше жыл бұрын өз күштерімен шатырды ауыстырған. Бірақ, қуаныш көпке созылмапты.

Галина Леонова, қала тұрғыны:

- Міне ыдыстарды арнайы орнатып қойдым. Шатырды жөндетсек те су сорғалайды. Көктем уақытында төбеден күніне 50 шелек суды жалғыз өзім жерге түсірем. Қабырға, еден барлығы әбден тозған. Бұлай жалғаса берсе күндердің күнінде үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқамыз.    

Аталған үйге төтенше жағдай қызметінің мамандары мен тәуелсіз сарапшылар техникалық зерттеу жүргізген. Олар екінші қабаттағы төбе апатты деп таныған. 

Мадияр Жангудин, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндеті атқарушы:

- Бұл жекенің мүлігі. Сондықтан оны тұрғындар өздері жөндеулері қажет.Біз оларға қайтарымды қаржы алуларына ғана көмек бере аламыз. Тек ол үшін пәтер иелері коперативін құру қажет.

Шаһарда апатты үйде тұрып жатқан 28 отбасы жақында басқа баспанаға көшірілді. Қалғандарына кезек қашан келетіні әзірге белгісіз.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Биылғы жылы Петропавл қаласында  апатты деп танылған екі-ақ үй ғана сүрілді. Қалған 17-інде 197 отбасы әлі де тұрып жатыр. Сондықтан тұрғындардың үміттен гөрі, үрейлері басым.  

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы