386,66 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маралды көлін жалға алушылар мен маңайдағы халық табиғи ресурсты бөлісе алмай отыр

  • 141
  • UPD: 23:30, 01.08.2019

Аты аңызға айналған Маралды көлін инвесторлар мен ауыл тұрғындары бөлісе алмай жатыр. Үш жыл бұрын Павлодар облысындағы тұзды көлдің курортты аймаққа айналатыны туралы жаңалық жергілікті халықты бір серпілтіп тастағаны рас.

Көлді жалға алушылар ол кезде ауыл адамдарының 90 процентін жұмысқа аламыз деп уәде еткен. Бірақ сөз жүзінде қалды. Екі тараптың ортақ мәмілеге келе алмауына себеп көп. Мәселені бір жақты ету үшін ұйымдастырылған кездесу соңы дау-жанжалға ұласты. 

Инвесторлар мен ауыл тұрғындары арасындағы келіспеушілікті реттеуге арналған жергілікті атқарушы биліктің халықпен кездесуі сәтсіз аяқталды. Салдарынан екі бірдей қылмыстық іс қозғалып, екі адам ауруханаға түсті. Инвестор мен қорықшыға дене жарақатын салды деп күдікке ілінген Ерлан Аңдамасов болса ешкімге қол көтермегенін айтады.

Ерлан Аңдамасов, Жылыбұлақ ауылының тұрғыны:

- Білмеймін енді қалай айтуға. Қолым бүтін, сау. Бүкіл жерім сау. Мен айтып тұрмын негізі оларға тиіскен жоқпын. Мына жерде видеофиксация жүрген негізі. Әлі күнге дейін сол видеофиксацияны көргем  жоқ. Сотрудниктерден сұрадым, әне-міне деп  көрсетпей отыр.

Алма Мұсабекова, Облыстық ПД баспасөз қызметінің м.а.:

- Бүгінгі таңда қылмыстық кодекстің 293-бабы, бұзақылық  бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Серіктестіктің 32 жастағы қызметкеріне  қатысты да осындай қылмыстық іс қозғалды. «Ниссан Патрол»  көлігін мінген ер адам жоғары жылдамдықпен мәдениет үйінің жанында тұрған адамдарды басып кете жаздаған.

Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды. Екі күн бұрын күзетшілердің дүрбісіне көлдің жағасында мотоцикл мінген топ ілінген. Олардың артынан қуамыз деп өздері қиындыққа тап болыпты.

Сайдалы Қасымов, күзет агенттігі басшысының орынбасары:

- Осы кезде 5 мотоциклмен 10-12 адам келді. Шығыңдар деп айқайлап, көлікті ұра бастады. Бізге  бұталардың арасына тығылуға тура келді. Мотоциклда торлар жатты. Бәрі рәзіңке  етік киген. Жұмысқа сайланып шыққандары көрініп тұр.

Бүгінде көлдің байлығы көздің құртына айналған. «Артемия салина» шаяндарының сырт қабығын браконьерлік жолмен аулау тұрғындар үшін қалыпты жағдай. Күнкөріс көзі. Жаратқанның өзі сыйлаған оңай олжа. Алайда 2016 жылы көлге күзет қойылып, табиғатты пайдалану құқығына жергілікті кәсіпорын ие болды.

Сейілхан Казис, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары басқармасының бас маманы: 

- Қазіргі уақытта «Стройбиоресурс» ЖШС-мен балық шаруашылығын жүргізуге яғни «Артемия салина» шаяндарын кәсіптік мақсатта өндіруге келісім жасалған. Заң жүзінде артемия немесе  балық бөліп бөлінбейді.Барлығы кәсіптік өндіруге жатады.

Маралды қазір облыстағы ірі демалыс аймақтарының біріне айналды. Тұзды көлдің қасиетін халық ерте кезден білген. Оның суына тек батпағы қызған кезде ғана шомылған екен. Мұнда шипалы балшықтың бес түрі кездеседі. Инвесторлар 150 миллион теңгеден астам инвестиция құйған. Жақын маңдағы ауылдардан келіп жұмыс істеп жатқандар да бар. Тек,  Жылыбұлақ ауылы инвесторлармен тіл табыса алмады.

Қарлығаш  Мұсалимова, Жылыбұлақ ауылының тұрғыны:

- Бізге аулатады 2 мыңнан қылды бірінші бағасын, одан кейін 5 мың қылды. Қазір 2 мың мен 5 мыңға не аласыз магазиннен?   Бір қапшығы 2 мың, 5 мың. Оған біз не аламыз?

- Бұрын қаншадан тапсырдыңыздар?

- Бұрын бағасы 30 мыңға дейін болды,90 мыңға дейін барды қабы.

Зайраш Жүнісова, жылыбұлақ ауылының тұрғыны:

- Курорт ашылды дегенде ауыл тұрғындары бәріміз мәз болғамыз. Жақсы болды, бәрімізге жұмыс болады деп. Өздері де бізге айтқан 90 процент сендерге жұмыс болады үйдегі заттарыңызды сатасыздар, ешқандай қысымшылық болмайды, сіздер көлге тегін кіресіздер деп. Біз сеніп қалғамыз. Енді қарап отырсаң міне соның бірі де жоқ.

Жалпы артемия салина цисталарын жинау күз айларында басталады. Бағасы  сұранысқа сай бекітіледі.Табиғатты пайдаланушылар көлге биологиялық зерттеулер жүргізбек. Өйткені көлдегі шаяндардың саны күрт азайып кеткен.

Артур Данаян, «Стройбиоресурс» ЖШС директоры:

- Биологиялық негіздемелер арқылы  көлге зиян келмейтіндей көлемді анықтап алуымыз  қажет. Біз ұзақ мерзімді келісімге қол жеткізіп отырмыз. Кәсіптік жолға қойғаннан кейін  олардың тіршілік ету ортасын жақсартып, өсіп-өнуіне жағдай жасауды қолға аламыз.

Жергілікті тұрғындарды ғажайып көл  суының тұщыланып бара жатқаны да алаңдатады. Олардың айтуларынша Маралдыға жер асты сулары құйылады. Көлдің тазалығы да көңілді көншітпейді.

Дәулет Аймаханов, Жылыбұлақ ауылының тұрғыны:

- Бөлінген қаржы қайда кетеді? Ешқандай тазалық жұмыстары жүргізілмейді. Көлдің айналасында мал өлекселері жатыр. Мына жылқының жатқанына міне екі жыл болды.

Қазір жағдайды жергілікті билік жіті назарға алған. Аудан әкімі жері шұрайлы Маралды өңірі  мал өсіруге  қолайлы екенін айтады.

Әзілхан Әбеуов, Шарбақты ауданының әкімі:

- Жеке шаруашылық ашамын деген азаматтар болса  ол ауылдан біз жер беруге дайынбыз. Жерлер Жылыбұлақ ауылдық округінде бізде бар. Көлдің ластануы бойынша көлдің жан-жағында 64  бізде бұлақ бар. Соның бәрі жан-жақтан келіп көлге құяды. Биылғы жылы біз 3 бұлақтың арнасын басқа жаққа ауыстырып, котлованға құйып жатырмыз. 

Биылдан бастап Маралды көлі ерекше бақылауға алынып, браконьерлікке қарсы күрес күшейтілмек.

Нұржан Қазтай, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аймақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

- Балық шаруашылығына қатысты заңсыз әрекеттер үшін ҚР ҚК 335-бабы бойынша қылмыстық жаза қарастырылған. Немесе түзету жұмыстарына, қоғамдық жұмыстарға тартылады. 40 және одан да көп тәулікке қамауға алынады.

«Артемия салина» шаяндарының тіршілік етуі көл суының тұзды әрі шипалы болуына ықпал етеді екен. Егер тепе-теңдік сақталмаса, олардың жойылып кетуі мүмкін. Бұл экологиялық апатқа әкеліп соғады дейді табиғат жанашырлары.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы