386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бурабайда шетелде тұратын қазақ балаларының құрылтайы өтіп жатыр

  • 167
  • UPD: 23:49, 01.08.2019

Ақмола облысының Бурабай ауданында халықаралық балалар құрылтайы басталды.

Ауқымды шараға шет елдерден келген 10 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысып жатыр. Олар алдағы екі апта бойы мұндағы сауықтыру орталығында болып, атамекеннің тарихымен, тыныс-тіршілігімен танысады.

Балалар сауықтыру орталығындағы 288 бала Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Германиядан келген. Олар құрылтай аясында Бурабайдың әсем табиғатын тамашалап, қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениетімен тереңірек таныспақ. Солардың бірі Зейнеп Жеңіспек. Моңғолияда туып-өскен жасөспірім, өзі тұратын қалада қазақ тілде дәріс беретін мектептің жоқтығын айтады. Бірақ, ана тілімді еш ұмытпаймын дейді. Тарихи отанына алғаш рет келсе де, жаңа достар тапқанына қуанышты. 

Зейнеп Жеңіспек, балалар құрылтайының қатысушысы  /Моңғолия/:

- Біз моңғол мектепте оқысақ та ана тілімізді ешқашан ұмытпаймыз. Үйде моңғолша сөйлеп, ойнап жүрсек, ата-анамыз ұрысады. Қазақша сөйлеңдер. Қазақ тілі сендердің ана тілдерің. Қазқкша сөйлемесеңдер болмайды. Келешекте сендерге керек болады, әкеміз солай айтады.

Балаларға арналған 15 күн тыңғылықты бағдарламаға толы. Мұнда тынығып, экскурсияға шығудан өзге, құрылтай қатысушылары қазақ тілін үйренеді. Киіз басып, тоқыма тоқуды меңгереді. Ұлттық болмыстың басты нышандармен танысатын болады.

Қарлығаш Қожамұрат, бүкіләлемдік қазақ диаспорасы филиалының жетекшісі:

- Біздің бір мақсатымыз бүкіл әлемдегі қазақ өзінің артында осындай мемлекет, Қазақ елі бар екенін кішкентай кунінен біліп өсейін деп журмиз. Бұл Елбасының үлкен мақсаты, стратегиясы. Толық 14 күн бойы олар оз бойына, қазақтың осы бүкіл өнерін, тілін, салт-дәстурін, қазақтың рухын бойына сіңіріп қайтатын болады.

10-кезеңнің ашылу салтанатына Ресей елшілігінің кеңесшісі де қатысты. Оның айтуынша, мұндай жобалардың берері көп. Ең бастысы, елдар арасындағы достықты нығайтып, мәдени байланыстардың артуына септігін тигізеді.

Кирилл Тиллябаев, Қазақстан Республикасындағы Ресей елшілігінің кеңесшісі:

- Бұл өте маңызды шара. Балалар үшін ғана емес, екі ел арасындағы қарым-қатынастың одан әрі артуына оң ықпал етеді. Жасөсіпірмдер  бір-бірімен жақынырақ танысады. Ресейден келген балалар қарапайым қазақстандықтардың болмысын, мінезін, мейірімділігін танып біліп жүр. Барлығына да үлкен әсер қалдыратынына сенімдімін.  

Халықаралық балалар құрылтайы осымен 15 рет өткізіліп отыр. Шара әр жыл сайын жүздеген баланың басын қосады. Ұйымдастырушылар айтуынша, келер жылы қатысушылардың саны биылғыдан да көп болуы мүмкін. 

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Азамат Казжанов, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы