385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында биыл 270 мың тонна астық алу көзделіп отыр

  • 154
Ақтөбе облысында биыл 270 мың тонна астық алу көзделіп отыр cs1852220.uaprom.net

Енді он күннен кейін Ақтөбе облысында егін ору науқаны басталмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаруалар қажетті техникаларын сайлап, жанар-жағармай қорын жинақтап жатыр. Алайда биылғы түсім жылдағыға қарағанда аз болуы мүмкін. Бұған жаздағы аптап ыстық себеп, дейді мамандар.

Көктемде бес мың гектарға дән сепкен облыстағы үлгілі шаруашылықтардың бірі енді мол өнім алудан үмітті. Себебі биыл өңірде алғаш болып, 3200 гектар алқапқа австриялық «гранни» сұрпын еккен болатын. Тұқымның сапасы тәуір, қуаңшылыққа төзімді. Алайда шаруашылық басшысы биыл ылғалдың тым аз болғанын айтады.  

Диас Ерғалиев, шаруашылық басшысы:

– Жалпы күтілетін өнімділік 8-9 гектарына. Ол биылғы жылға жақсы негізі. Өйткені өздеріңіз білесіздер, биылғы ауа райы қолайсыздық тудырып тұр. Былтыр 12-13 центнерден алған еді. Маусым аймында жауын-шашын болған жоқ. Мамырда да дұрыс болмады. Тек шілденің басында сәл-пәл жауды.

Өткен екі айдағы аптап ыстық егін еккен шаруашылықтарға оңай тимеді. Өңір бойынша 452 мың гектарға себілген дәнді-дақылдың тек отыз процентінің шығымы жақсы. Сондықтан да, қалған бөлігінен жиылатын өнім жылдағыға қарағанда екі есеге дейін аз болмақ. Мәселен, былтыр астықты алқаптың әр гектарынан 11 центнерден алынса, оның алдыңғы жылы 12 центнерден асқан.

Асылхан Әбтиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Шілде айы бойы ауа температурасы 40 градустан түскен жоқ. Бұл даму, өсу кезінде өз әсерін тигізді. Бірақ оған қарамай, орташа 5-7 центнерден алуды күтіп отырмыз. Жалпы 780 мың гектарға егілді. Оның 30 мыңы майлы дақыл, 252 мың гектар мал азығы, қалғаны картоп, көкөніс, бақша дақылдары.

Климаттық өзгеріске орай соңғы жылдары тың жобалар қолға алынған. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру нәтижесінде, суармалы алқаптың аумағы ұлғайып, жүгері, мал азығы және майлы дақыл – мақсарының көлемі артты. Ал арпа, бидай, тары және өзге де дақылдардан қалай мол өнім алу керектігін ғалымдар жақсы біледі. Олардың айтуларынша, күз бен қыстан жиналған топырақтағы ылғал алқап өнімділігінің төмен болуының басты себебі емес. Ең алдымен шаруалар табиғи құбылысқа орай бейімделуі керек, дейді мамандар.

Владимир Цыганков, ауыл шаруашылық тәжірибе станциясының бөлім меңгерушісі:

– Біздің облыс – қуаңшылықты аймақ. Әрі өңірлік және әлемдегі жылыну өз әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан біз аз ылғалды тиімді пайдалану арқылы тез пісіп жетілетін бидай және арпа сорттарын қолдануымыз керек. Жоғары сапалы тұқымды еккен дұрыс. Жергілікті климатқа бейімделген сұрыптар бізде бар. Жалпы ауа райы ыстық өңірлердің қатарында еліміздің бірнеше аймағы кіреді. Ең бастысы, жергілікті жерге бейімделген дақыл ғана мол өнім бере алады.

Жалпы алғанда мамандар үрейленудің қажеті жоқ дейді. Әр гектардан 5-7 центнер өнім алынса да, ешқандай шаруа шығынға батпайтынын айтады. Күзгі жиын-терім кезінде шамамен 270 мың тонна астық алу көзделіп отыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы