386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жайық өзенінің түбі тереңдетіліп жатыр

  • 128
  • UPD: 10:51, 02.08.2019

Атырау облысында Қиғаш және Жайық өзендерінің Каспий теңізіне құятын сағаларын тазалау жұмыстары жүріп жатыр.

40 жылға жуық аршылмаған арналар мүлдем құмығып, теңіз балықтарының байырғы өрісіне шығатын жолы жабылып қалды. Соның салдарынан балық аулаушы кооперативтер зиян шегіп отыр. Осыны ескерген жергілікті билік қаржы көзін тауып, былтыр өзен арналарын тереңдетуді қолға алған болатын. 3 жылға арналған кешенді жоба алғашқы жемісін бере бастады.

Жоба бойынша Жайық өзеніне қарасты 23 шақырым арна толықтай тереңдетілуі тиіс. Қосымша тағы 17 шақырым жаңа су арнасы қазылады. Бұл мақсатқа қазынадан 2 млрд теңге қаржы бөлінді. Қазір мердігер мекеме 3 ауысыммен жұмыс жүргізіп жатыр. 

Иван Церникель, жер қазу снарядының командирі:

– Біз каналдың табанын 2,5 метр тереңдікке дейін қазамыз. Жалпы арнаның ені 40 метр болса, оның ортасының тереңдігі балтикалық жүйе бойынша 2,5 метр болуы шарт.

Жайық өзенін теңізге жалғайтын арналарының түбі өткен ғасырдың 80 жылдарына дейін тұрақты тереңдетіліп келген болатын. Кейінгі қырық жылға жуық уақыт ішінде қараусыз қалған арналардың теңізге құяр тамағы әбден бітелуге таяпты. Кей тұстарда тереңдік 40-50 сантиметрге жетпейді. Бұл су көліктерінің ғана емес, Жайық-Каспий бассейніндегі тірі табиғаттың тіршілігіне айтарлықтай нұқсан келтіріп отыр. Сондықтан қазіргі атқарылып жатқан шарадан балық қорғаушылар үлкен үміт күтеді.

Әнуарбек Айболатов, дамбы инспекциясының бас маманы:

– Жайық өзені оған қосылатын тағы 16 арна бар. Олардың бәрі қазылса деп ойлаймыз. Сонда балықтың жүрісі де судың тазаруы, экологияның тазаруына әсер етеді.

Арналарды тереңдету жұмысының нәтижесі көктемгі балық аулау маусымында анық байқалды. Биыл балықшылар өздеріне бөлінген 13 мың тонна балық аулау лимитінің жартысына жуығын игерді. Жоба толық жүзеге асқанда өзендерден теңізге шығатын жол ашылып, су маржандарының өрісі де кеңеймек.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазы

Хабар 24 телеарнасы