386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Синоптиктер: 30 жылдан соң Алматыда орташа температура 2 градусқа көтеріледі

  • 129
  • UPD: 09:31, 02.08.2019

30 жылдан соң Алматыда орташа температура 2 градусқа көтеріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл синоптик мамандардың болжамы. Ғалымдардың бір тобы бұл жаһандық жылынудың әсері десе, енді бірі адам қолымен жасалған өзгеріс дейді.

Алматылықтар биыл шілденің шіліңгір ыстығын анық сезінді. Аптап ыстық денсаулығы жоқ егде кісілер тұрмақ, он екі мүшесі сау адамға ауыр тиюде. Термометр көрсеткіші 40 градусқа жақындағанымен мамандар мұны аномальді ыстыққа жатпайтынын ескертті. Дегенмен уақыт өткен сайын температураның көтеріліп келе жатқанын мамандар жоққа шығармайды.

Светлана Долгих, Қазгидромет РМК климаттық зерттеу басқармасының жетекшісі:

– 70-жылдардың ортасынан бастап жылу жылдамдығының артқанын байқауға болады. Мәселен, 19 ғасырдың аяғынан бастап алсақ, 10 жылда 0,2 градусқа жоғарыласа, ал қазір бұл 2 есеге, яғни, 10 жылда 0,45 градуқа көтерілген. Бұл өте үлкен өзгеріс. Мұндай өзгерістер желтоқсан мен қаңтар айынан басқа жылдың барлық айында болып тұрады.

Өткен ғасырдың соңынан бастап температураның барлық көрсеткіштері өзгерген. Көктемде ылғалдылық артып, жауын-шашын көбейген. Мұның бәрі жаһандық жылынудың әсері, дейді мамандар. Ал 21 ғасырда Алматыда орташа температура тағы 2 градусқа көтеріледі.

Мұздықтардың еріп, теңіз деңгейінің көтерілуі және қуаң даланың көбеюіне адамдардың өзі кінәлі, деп санайды ғалымдардың бір тобы. Бірақ мұны әсер етуші фактор ретінде ғана қарыстырған жөн, дейді география ғылымдарының докторы Амангелді Сқақов. 

Амангелді Сқақов, география ғылымдарының докторы, климатолог:

– Оны жоққа шығаруға болмайды, алайда, нақты фактор ретінде қарастырудың қажеті жоқ. Табиғи құбылыс болатынын естен шығармау керек. Егер парниктік газдың әсері туралы айтатын болсақ, мысалы мұхиттың немесе вулкандардың әсері кейбір ірі кәсіпорындардың әсерінен әлдеқайда күшті.

Ғаламдық жылыну жақындап келеді деп дабыл қаққанмен, адамда оған тосқауыл болар күш жоқ, - дейді ғалым. Себебі ол табиғи құбылыс. Тек қоршаған ортаның ластануына жол бермей, зиянды қалдықтардың таралмауын қадағалау керек.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Александра Салмина, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы