386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында судың көлемі 1 жарым есеге дейін азайып кеткен

  • 196
  • UPD: 11:26, 02.08.2019
Жамбыл облысында судың көлемі 1 жарым есеге дейін азайып кеткен

Еліміздің оңтүстік аймақтарында су тапшылығы айтарлықтай сезіліп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Жамбыл облысында соңғы 20 жылда судың көлемі 1 жарым есеге дейін азайып кеткен. Салдарынан қазір өңірдегі 182 мың гектар суармалы алқаптың 86 мың гектарына тіршілік нәрі толықтай жетпейді. Бұл ауыл шаруашылығы саласына кері әсерін тигізіп отыр. Ғалымдар мұның бірте-бірте ғаламдық проблемаға айналып бара жатқандығын айтады.

Жамбыл облысы Қырғыз елінен келетін тіршілік нәріне тәуелді. Өңірге суармалы судың 80 проценті көрші мемлекет аумағынан келеді. Биылғы маусымда айыр қалпақты ағайындар ел аумағына тасталатын су мөлшерін азайтып жіберген. Салдарынан жергілікті диқаншылар қиналып қалды. Әсіресе Қордай мен Меркі ауданы. Биыл облыс бойынша Меркіге қант қызылшасы көп себілді. Қазір мұндағы екі мың гектар балтамыр алқабына су тұрақты түрде жетпей тұр.

Ерлан Құлкеев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазіргі жағдайда басқа каналдардан суды өзіміздің ішкі каналдардың ішінен суды жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мамандардың айтуынша, жалпы Әулиеата өңірін маусым кезінде толықтай сумен қамту үшін 1 млрд 700 миллион текше метр су қажет. Бұл егілген дақылдардың көлеміне сәйкес есептелген статистика. Осы бағытта қазақ-қырғыз елдері арасында жылына шамамен 2,2 млрд текше метр су жіберу жөнінде келісім бар. Алайда бұл шарт толыққанды орындалмай отыр.

Ерлан Құлкеев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Қырғыз республикасына хат жолданып, олардан хат алынды. Олардың негізгі түсіндіріп жатқаны табиғи судың көлемі азайып жатқандығынан, келісімшартта ол қарастырылған деп түсіндіріп жатыр.

Алқаптарға суды жеткілікті мөлшерде жеткізуде каналдардың тозуы да кедергі болып отыр. Өңірдегі 423 каналдың 80 процентінің су өткізу мүмкіндігі төмендеп кеткен.

Павел Калашников, қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкері:

– Бұл жылдан жылға өткір мәселеге айналып барады. Су көздерінің 45 проценті елімізден бастау алады. Тіршілік нәрінің қалған бөлігі өзге мемлекеттерден келеді. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы ойландыратын мәселе. Мұны шешу үшін ауылшаруашылығы саласында әртараптандыру шараларын мықтап қолға алған жөн. Жаңбырлатып, тамшылатып суару тәсілдерін көптеп енгізу қажет. Бұл суды үнемдеп қана қоймай өнімділікті еселеуге мүмкіндік береді.

Қазір жергілікті шаруалар су үнемдеу технологиясы мүмкіндіктерінің зор екендігіне көздері жетіп отыр. Оған біртіндеп көшіп те жатыр. Жуалылық шаруа Бауыржан Тәжіханов соңғы жылдары су тапшылығы титықтатқан соң, қымбат болса да жаңбырлату қондырғысын сатып алған. 40 гектар картоп пен 10 гектар қант қызылшасын егіп биыл алғашқы өнім алмақ.

Бауыржан Тәжіханов, шаруа:

– Бұрынғы кезде картопты арықпен суғаратынбыз. 10-15 күн суғаратынбыз. Ал қазір суға 2 есе үнем болады.

Қазір облыста тың технологияны енгізуге ден қойылып отыр. Аймақта 20 мың гектарға жуық алқап тамшылату, жаңбырлату әдістері арқылы суарылады. Бұл уақыт өткен сайын заман талабына айналып барады.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы