386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында полиция ауыл қауіпсіздігін бейнекамерамен қадағалауға көшті

  • 128
  • UPD: 11:56, 03.08.2019

Ақмола облысында полицейлер ауылдық жерлердің қауіпсіздігін бейнекамералардың көмегімен бақылауға көшті.

Бүгінде екі елді мекен осы тектес заманауи технологиялармен қамтылған. Олардың бірі Зеренді ауданына қарайтын Викторовка ауылы. Мұнда бас-аяғы 15 бейнебақылау құралы қойылды. Олар арқылы учаскелік инспектор кеңседе отырып, бірнеше қоғамдық орынды монитордан көре алады.

Бейнекамералар Викторовка ауылының орталық көшелері, мектебі мен азық-түлік дүкендерінің маңына қойылған. Яғни ол жерде болып жатқан көрініс онлайн режимде полиция бөлімшесіне келіп түседі. Учаскелік инспектордың күнұзақ мониторға қарап отырмасы белгілі. Бұл ретте кәдімгі ұялы телефонның көмегі зор.

Бахтияр Қайырбеков, учаскелік инспектор:

- Елді мекенде бейнекамералар пайда болғалы көше қылмысы мен ұсақ заңбұзушылықтар біршама азайды. Ауыл тұрғындары жарықтан бөлек бейнебақылау құралдары тұрған көшелерде еркін жүретінін айтып жатыр. Жаңа технологиялардың біздің қолымызды ұзартқаны рас.

Жуырда осы ауылда жаңа учаскелік полиция бекеті қолданысқа берілді. Ашылу рәсіміне қатысқан облыстық департамент басшылығына жергілікті тұрғындар көкейтесті сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. 

Асылтас Оспанова, ауыл тұрғыны:

- Көше қауіпсіздігіне қатысты көптеген сауалдарды көтердік. Осы полиция бекетінің ашылуы да көп жылдар бойы мәселе болған еді. Бүгінде оң шешімін тапқанына қуаныштымыз.

Алыстан бақылау құралдарын көршілес аудандағы Ұрымқай ауылынан да көруге болады. Тәртіп сақшылары жуық арада қалған елді мекендерге де бейнекамералар орнатылатынын айтып отыр. Айта кетейік, жыл басынан бері Көкшетауда ақылды технологиялардың көмегімен 7 мыңға жуық ұсақ қылмыстың беті ашылған. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы