386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстағы 16 мектеп қайта қалпына келтіріліп жатыр

  • 113
  • UPD: 08:42, 05.08.2019

Арыс қаласында жарылыс кезінде 16 мектеп зардап шеккен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір барлық білім ордасында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Шаһардағы бірқатар әлеуметтік нысанды қайта қалпына келтіру жұмыстары ұлттық қордан қаржыландырылуда. Мұнда мектеп пен балабақшадан бөлек аурухана мен теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Ал әлеуметтік нысандарды жөндеуге 29 құрылыс компаниясынан 2 мыңға жуық жұмысшы тартылған

Нұрбек Байбосын, тілші:

– Кеңес Одағының батыры Иван Журба есімін иеленген бұл мектепте жарылыстан кейінгі жағдайы тіпті қиын болған. Қазір білім ұясының материалдық техникалық базасы толығымен жаңартылуда. Ал парта мен орындықтар тіпті киім ілетін шкафтардың жарамдысы өзге мектептерге таратылуда.

Бұл «Көктем-2» шағын ауданындағы жалпы орта мектебі. Арыстағы әскери бөлімге ең жақын орналасқан білім ордасы. Мұнда 720 бала екі ауысымда оқиды. Ал білім ордасы 300 оқушыға лайықталып салынған. Қазір мұнда қалпына келтіру жұмыстарының 70 проценттен астамы аяқталған.

Әбдіхан Мұсаев, Арыс қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Жалпы біздің қалада 40 мектеп жұмыс істейді. 26 орта мектеп, 5 бастауыш мектеп, қалғаны 9 шағын мектеп. 24 маусым күні болған жарылыстан қаланың өзінде 13 мектеп, қалаға жақын орналасқан ауылдық округтерден 3 мектеп барлығы 16 мектептің ғимараты зақымданды. Барлық мектептерде 1 қыркүйек білім күні мерекесінде сабақты бастаймыз деп ниет қылып жоспарлап отырмыз.

Мына бейнекөрініс Арыстағы жарылыс болғаннан кейінгі сәт, дейді Сұлтанбек Қожанов атындағы мектептің директоры Мейрамхан Үдерханов. Мұны ұялы телефонына өзі түсіріпті. Оның айтуынша, ұшқан снаряд ғимараттың ішіне түскен. Алайда жарылмаған. Ал дүмпудің салдары мектеп шатыры мен терезелерін тіпті қабырғаларын қақыратып жіберген. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары бітуге жақын.

Мейрамхан Үдерханов, С.Қожанов атындағы жалпы орта мектебінің директоры:

– Ғимаратқа зақым келген. Шатырларымыздың барлығы тесіліп кеткен. Снарядтар түскен. Біздің мектебімізді жөндеп жатыр. Жөндеу қазір 80 пайызға дейін бітті. Аз ғана жұмыстарымыз қалды.

Қазір Арыста 16 мектеп, 36 балабақша мен 1 колледжді қайта қалпына келтіруге 2 мыңға жуық жұмысшы мен 74 техника тартылған. Бұл шаруаларға 29 құрылыс компаниясы жұмылдырылды. Сала мамандарының айтуынша, білім нысандары 15 тамызда толығымен пайдалануға беріледі. Ал арыстық балалар биыл оқулықпен 100 пайыз қамтылмақ. Оған жергілікті қазынадан 238 миллион теңге қарастырылған. Кітап шығаратын 11 баспамен келісімге келіпті. Олар 15 тамызға дейін оқулықтарды мектептерге түгел жеткізеді.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы