386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада мектеп пен ұстаз тапшылығы қашан жойылады

  • 151
  • UPD: 08:39, 05.08.2019

Биыл елордалық оқушылардың саны былтырға қарағанда 23 мыңға артады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ бас қалада әлі де мектеп тапшы. Бүгінде жаңа 9 білім ошағы салынып жатыр. Алайда бұл да жеткіліксіз. Қала билігі олқылықтың орнын қалай толтырмақ?

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы апта қалды. Алайда бас шаһар тұрғындары әлі де баласын қай мектепке берерін білмей сабылып жүр. Біріне оқу ошағы алыс, енді біріне баратын мектеп жоқ. Қала билігі биылғы жаңа оқу жылына 4 жаңа мектеп ашпақ. Онымен қоса тағы 2 қосалқы құрылыс тағы бар. Ал мына жаңа мектеп 1200 оқушыға шақталған. Мердігерлер Білім күніне дейін тапсырамыз дейді.

Серік Мәнжанов, бас инженер:

– Барлығы дайын десек те болады. Ішкі бөліктеріне есік орнату сияқты жұмыстар қалды. Жарық тартылып, жолға асфальт төселеді. 12 қыркүйекке дейін тапсырамыз.

Жаңа оқу жылында берілетін мектептер мен қосалқы ғимараттың құрылысы да аяқталған. Үш мыңнан астам оқушы жаңа мектеп табалдырығын аттайды. Ал бас қаладағы үш мектеп бұрынғысынша үш ауысымдық оқуын жалғастыра бермек. Білім басқармасы бұл мәселе толығымен шешілу үшін әлі 40-қа тарта мектеп қажеттігін айтады.

Жазира Асанова, қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:

– Жалпы қала бойынша орын тапшылығы мәселесін шешу мақсатында қалалық әкімдік тарапынан 2023 жылға дейін жоспар бекітілген. Осыған сай біз 37 мектептің және 10 қосалқы құрылыстың салынуын аяқтап іске қосу керекпіз. Осы нысандардың барлығы пайдаға берілгенде толықтай 3 ауысым мектеп пен орын тапшылығы болмайды.

Нұр-Сұлтандағы орта білім саласында мектеп қана емес, мұғалім де тапшы. Білім басқармасының мамандары алдағы 2-3 жылда қосымша мыңға жуық ұстаз қажет болатынын айтады. Әсіресе, бастауыш сынып мұғалімдеріне сұраныс артып тұр. 

Жазира Асанова, қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:

– Бізде мұғалімдер тапшылығы да орын алуда. Бүгінгі таңда 165 бастауыш сынып мұғалімдері жетіспейді. Қазір іздеп қабылдап жатырмыз.

Енді осы мәселені шешу міндет. Бұл жөнінде мамандар ел астанасындағы мектеп пен ұстаз тапшылығы алдағы 5 жылда толығымен жойылады деп сендірді.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Әнуар Тәуекелов

Хабар 24 телеарнасы