386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлықтар «Бірге – таза Қазақстан» акциясына үн қосты

  • 136
  • UPD: 12:02, 06.08.2019

Өндірісті шаһар Павлодардың экологиялық ахуалы мәз емес. Әсіресе, жасыл желекке күтім керек.

Мұның сыртында қоқыс проблемасы да өзекті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қоршаған ортаға жанашыр павлодарлықтар бас біріктіріп, Ертістің жағалауын тазартты. «Бірге –таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберінде өткен шараға 10 мыңнан астам қала тұрғыны атсалысты.

Демалыстарын табиғат аясында өткізуді қалайтын қала халқы дәл осы аралды таңдайды. «Алтын құм» аталып кеткен бұл жердің суы жылы. Өзеннің ағысы баяу. Алайда демалушылар қоршаған ортаның тазалығына немқұрайлы қарайды. Қордаланып қалған тұрмыстық қалдықтарды жинап шығу оңайға түспеді. Экологиялық акцияға құтқару қызметінің мамандары да қатысты.

Серік Шериязданов, облыстық ТЖД жедел құтқару отряды басшысының орынбасары:

- Енді осының бәрін ластайтын осы жерде демалатын Павлодар қаласының тұрғындары, қонақтары. Өкінішке қарай, өздерімен бірге қоқыстарын алып кетпейді. Осы жерде қалған қоқыстың бәрі ертең Ертіс өзеніне түседі, суды ластайды.

Ертістің сағасы, Усолка өзенінің бойы да қоқыстан көрінбейді. Көпшіліктің көмегімен жаз бойы адамдардан босамайтын жағажайлар мен саябақтар тазартылды. Қалалық мәслихаттың депутаттары экологиялық акция жалғасын тапса деген ұсыныстарын білдірді.

Қобыланбек Қожин, қалалық мәслихаттың депутаты:

- Қала тұрғындарына айтатынымыз, бұл акцияны ары қарай жалғастырып, әркім өзінің үйінің ауласын, даласын тазалап, таза ұстаса дейміз. Одан кейін мынау бизнесмендер бар, олар өздерінің жаңағы дүкендері болсын, басқа өздерінің жұмыс істейтін орындарын да таза ұстаса, қаламызды қоқыстан тазартатын болсақ, мен ойлаймын бәріміздің ортақ үйіміз, нұр үстіне нұр бола ма еді.

Бір күнде бес мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. Осылайша қоршаған ортаның тазалығына әрбір қала тұрғыны үлес қосты. Экологтар жылдар бойы шірімейтін синтетикалық заттар мен шынылардан келетін шығынның орны толмайтынын айтады.

Татьяна Пономарёва, эколог:

- Қоршаған ортаны ластап жатқан пластик заттардың табиғатқа зияны орасан. Оның алдын алу өз қолымызда. Тазалық шарасы халықтың бірлігін көрсетті. Бұл істің тәрбиелік мәні өте жоғары. Экологияны бәріміз жұмыла кіріскенде ғана құтқара аламыз.

Павлодардың экологиялық ахуалы сын көтермейді. Қаладағы жасыл желек қорының 40%-і жойылудың аз алдында тұр. Көп жылдық ағаштар өзінің салмағын көтере алмай құлап жатыр. Ал, жаңадан отырғызылған ағаш көшеттерінің өсіп жетілуіне уақыт керек. Жергілікті билік қаланы көгалдандыру бойынша жаңа тұжырымдама жасап шығарды. Бұған сәйкес көне ағаштар біртіндеп жаңартыла бастайды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы