386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында ежелгі адамның бассүйегі табылды

  • 166
  • UPD: 21:08, 05.08.2019

Жуалыдағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде ежелгі адамның бассүйегі табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғалымдар оны 2-1 ғасырларға жатқызып отыр. Мүрденің ер адам әлде әйелге тиесілі екені белгісіз.

Оны украиналық ғалымдар анықтайды. Сонымен қатар мамандар жер астынан бірнеше бөлмесі бар нысанның орнын тапқан. Қазір көне қалашықтың орнында археологиялық зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Бурно-Октябрь» қалашығы араб жазбаларында ежелгі «Баркуап» қаласы деп көрсетілген. Бірақ ғалымдар бұл тек болжам ғана деп отыр. Жергілікті археологтар екі жылдан бері тарихи орынның солтүстік-шығыс бөлігін жіті зерттеп жатыр. Жуырда үш бөлме мен 2 дәліздің орны табылды. Оның біреуі қаз қалпында сақталған.

Ескендір Төребеков, археолог:

Қабырғалары бүлінбеген. Тіпті бөлменің төбесі де сақталған. Күмбез тәрізді. Міне қараңыз, мынау қабырға, әрі қарай кірпіштер көлденең емес, шырша сияқты қаланған. Толықтай тазарттық. Бөлме әдейі көмілген. Неге десеңіз, бұл жердің көне тұрғындары нысанды жәй ғана тастап кетпеген. Олар мұнда қайта келуді көздеген.

Ғалымдар бұл көне қалашық Қаңлы жетекшілерінің жазғы тұрағы болған деп пайымдайды. Алайда оның құпиясы күні бүгінге дейін нақтыланбаған. Бурно-Октябрь қалашығын зерттеу барысында 3500-ге тарта жәдігер табылды. Арасында қыш ыдыстардың сынықтары, қол диірмен, қоладан жасалған май шамдар бар. Құнды заттар Жуалы аудандық мұражайда сақтаулы тұр.

Ал мына бейнекадрларды археологтардың өздері түсірген. Бұл адамның бассүйегі табылған сәт. Ғалымдар оны шамамен 2-1 ғасырларға жатқызып отыр. Қазір бас сүйектен тіс алынып, нақты жауап алу үшін Украина мемлекетіне жіберілді.

Алған Әлиев, жұмысшы:

Үш метрлік тереңдіктен адамның басы шықты. Басқа сүйектері жоқ. Алғашқы кезде дән үгетін тастар, құмыраның сынықтары, бүтін құмыралар да шықты. Ашылып, түгел қазылып бітіп жатса, бұл енді жалғыз біз емес, бүкіл Қазақстанға үлкен мақтаныш болар еді. Бұдан 2 мың жыл бұрын өмір сүріп кеткен халықтардың тұрмыс-тіршілігі туралы білуге болады.

Көне қалашықтың орны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында зерттеліп жатыр. Археологиялық қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл жер ашық аспан астындағы музейге айналады. Тарихи нысан облыстық киелі орындар картасына енгізілген.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы