386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жол бойындағы құтқару бекеттерінің арқасында өлім-жітім көрсеткіші екі есе азайды

  • 122
  • UPD: 12:52, 06.08.2019

Қарағанды облысындағы жеті медициналық құтқару бекетіне бес мыңнан астам адам дәрігерлік көмекке жүгінген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы 2012 жылдан бері еліміздегі күре жолдардың бойында 40-қа жуық осындай бекет жұмыс істеп тұр. Қаншалықты тиімді?

Дәрігерлер үшін апат болған сәттен көмек көрсетіле бастағанға дейінгі аралықта «алтын сағат» ережесін сақтап, адам өмірін құтқару маңызды. Емделуші медициналық көмекті неғұрлым ертерек алса, соғұрлым оны аман алып қалу мүмкіндігі жоғарылай түседі.

Мұндай кезде шұғыл әрекет ететін жасақ қашан да көмекке асық. Жол бойындағы медициналық құтқару бекеттері алғаш рет елімізде 2012 жылы пайда болған. Қазір олардың саны 40-қа жуықтады. Оның жетеуі Қарағанды облысындағы апатты деген аумақтарда орналасқан.

Қуат Хайдаров, ҚР ІІМ ТЖК апатты медицина орталығы облыстық филиалының басшысы:

Трассалық бекеттер транзитті жолаушылар мен жүргізушілерге медициналық-құтқару көмегін ұсынады. Жол апаты кезінде шұғыл дәрігерлік көмек көрсетеді. Бұдан бөлек, амбулаториялық науқастар да медициналық жәрдемді осы бекеттерде алуға құқығы бар.

30 жылдық өтілі бар фельдшер бастапқыда кішкене үрейленгенін айтады. Себебі, күре жолдарда көліктердің бетпе-бет соқтығысуы, жыраға түсіп кетуі жиі болады. Адамдар түрлі ауыр дене жарақаттарын алады. Дегенмен осы күнге дейін зардап шеккендердің барлығы ауруханаға аман-есен жеткізілді.

Зихириям Аршидинова, медициналық құтқару бекетінің аға фельдшері:

- Біздің реанимобиль көлігі соңғы үлгідегі құтқару құрал-саймандарымен жабдықталған. Міне, бұл – өкпені жасанды желдету құрылғысы. Зардап шеккен адамды тасымалдағанда мониторингті міндетті түрде қосамыз.

Әдетте жолдағы апаттар дәрігерлер мен құтқарушылардың өзара бірлесіп әрекет етуін қажет етеді. Апатқа ұшыраған адамды майысқан көліктен жарақатсыз шығарып алу асқан шеберлік саналады. Осы орайда арнайы көлік керекті нәрсенің бәрімен жабдықталған, ал бригада білікті құтқарушы мамандардан құрылған.

Ардақ Абдулин, медициналық құтқару бекетінің құтқарушысы:

Мынау кескіш әмбебап сайман. Қайшы да, кеңейткіш те қызметін атқарады. Салмағы 3 тонна болатын темірді үзіп, кесіп тастай алады. Құтқарушылардың сүйікті құрал-сайманы саналады. Біз демалыссыз жұмыс істейміз. Тәуліктің кез келген мезгілінде сақадай-сай болуымыз керек.

Бригада мамандарына жиналып, даярлануға небәрі 2 минут жеткілікті. Ал жолға ең көп дегенде жарты сағат кетеді. Жалпы трассалық медициналық-құтқару бекеттерінің жасағы құрылғалы бері 1500-ден артық шақыртуларға шығып, осынша адамға дәрігерлік көмек көрсеткен. Екі мыңдай адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ал жолдағы өлім-жітім көрсеткіші екі есе азайды.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Юлана Чаус

Хабар 24 телеарнасы