386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет басшысы: Тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жасау қажет

  • 111
  • UPD: 12:30, 06.08.2019

Премьер-министр Асқар Мамин бүгін жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, келер жылы Көкшетауда өтетін XVII «Қазақстан-Ресей» ынтымақтастық форумына дайындық барысымен танысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маңызды шара екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынасты одан әрі дамытып, алыс-берісті арттырады деп күтілуде. Сондай-ақ Үкімет басшысы аймақтағы бірнеше ірі өндірістік, ауылшаруашылық және әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғын үйлер мен жол құрылыстарының жүзеге асырылу барысын бағамдады.

Премьер-министр Асқар Мамин алдымен Көкшетаудағы керамикалық кірпіш зауытына ат басын бұрды. Аталған өндіріс ошағы жылына 60 млн дана кірпіш шығарады. Мұнда өндіріс толықтай автоматтандырылған. Соңғы жылдары зауытта өнімнің жаңа түрлері игеріліп келеді.

Еділжан Қасенов, сату бөлімінің жетекшісі:

- Біз биыл жаңа желіні іске қосамыз. Ол бізге өнім түрлерінің көбеюіне сеп болады. Бұрын бізде санаулы ғана түстердегі кірпіштер шығарылса, қазір тапсырыс бойынша барлық түстегі және әртүрлі пішіндегі кірпіштерді өндіре береміз. Зауытымызда 257 адам жұмыспен қамтылған.

Бүгінде Көкшетау қаласының іргесінде «Сарыарқа» атты жаңа шағынаудан бой көтеруде. Мұнда 2025 жылға дейін жалпы көлемі 1 млн шаршы метрден асатын 200-ден астам үй және 2 мектеп салынады. 2013 жылдан бері мұнда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 33 үй салынды. Жыл соңына дейін тағы 10 үй пайдалануға берілмек. Облыс орталығында жаңа үйлер ғана емес, көпшілік орындар да көптеп тұрғызыла бастаған. Солардың бірі – оқушылар сарайы. Жаңа нысан интеллектуалды және спорттық бөліктерге бөлінеді.

Айдан Нарымбаев, жоба жетекшісі:

Жобаның өзі 900 оқушыға арналған. Нысанда оқушыларға қажетті барлық заманауи қондырғылар болады. Тіпті бассейн де қарастырылған. 2020 жылдың қазан айында бұл сарай пайдалануға беріледі.

Сапар барысында қаладағы қонақүйлердің дайындығы да премьер-министрдің басты назарында болды. Үкімет басшысы өңірдегі жол құрылысымен де танысты. Мәселен, жақында ұзындығы 80 шақырым болатын, аймақтағы қос бірдей курортты жалғап жатқан Щучинск-Зеренді тас жолының құрылысы толық аяқталады. Жалпы биыл Ақмола облысында «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының аясында 400 шақырымнан астам жергілікті жолдарды жөндеу жоспарланған.

Ал Бурабай және Бұланды аудандарында Асқар Мамин ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Айталық, биыл өңірде осындай 10 шақты жоба іске қосылмақ. Ал осы жылдың басында ғана ашылған Макинка құс зауыты бүгінге дейін 14 мың тонна өнім шығарып үлгерген. Ал келесі жылы өндірістің екінші кезеңі іске асса, нысан жылына 50 мың тонна құс етін өндіретін болады. Ал Бұланды ауданындағы егістік алқаптарының бірінде егіннің жай-күйі баяндалды. Жалпы аймақ диқандары биыл 4 млн 800 мың гектар жерге дән сіңірген болатын. Қазір диқандар орақ науқанына толық дайын.

Ғалымжан Әбдіхалықов, облыс әкімінің орынбасары:

Соның 4 млн 300 мың гектары – бидай. Осындай ыстық ауа райы сақталатын болса, 10 тамыздан кейін ораққа кірісеміз. Жалпы техниканың дайындығы, халықтың жағдайы – бәрі келіп тұр. Былтырғы алған егін көлемін аламыз ба деген ойымыз бар.

Облыста мал шаруашылығы бағытында да біраз жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Щучинсктегі жылына 10 мың тонна ет өңделетін зауытта күніне 120 бас ірі қара сойылады. Өнімдері ішкі нарықпен қатар көрші Ресейге де экспортталып жатыр. Сапар соңында Асқар Мамин жергілікті билік өкілдеріне аймақ экономикасын дамыту мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жасау қажеттігін тапсырды. Елбасы қойған айтулы мақсаттар мен президент тапсырмаларын орындауға басымдық берілуі тиіс.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы