386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандағы түрмелерде соңғы үш жылда 53 азаптау фактісі тіркелген

  • 141
Қазақстандағы түрмелерде соңғы үш жылда 53 азаптау фактісі тіркелген

Халықаралық түрме реформасы Орталық Азиядағы өкілдігі директорының орынбасары Жанна Назарова Қазақстандағы түрмелерде соңғы 3 жылда 53 азаптау фактісі тіркелгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы үш жылда барлық уақытша оқшаулағыштар мен түзеу мекемелерінде азаптауға қатысты 53 факті тіркелді. 13 жағдай қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тіркелсе, 33-і ішкі істер органдарының мекемелерінде болған. Тағы жетеуі басқа жағдайлар бойынша тіркелді», – деді Жанна Назарова ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуына қарағанда, кей жағдайда колония қызметкерлері өз жұмысының атқарылуы үшін сотталғандарды мәжбүрлеуге тырысқан.

«Жоғарыда аталған статистиканың алтауы әкімшіліктің ерікті көмекшілерді пайдалануына байланысты болып отыр. Яғни бұл дегеніңіз – сотталғандардың өзін басқа сотталғандарға қарсы пайдалану деген сөз. Осы факті бойынша алты адам сотталды», – деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР ІІМ ҚАЖК төрағасы Дархан Қанатбеков Қазақстанда түрмедегі адамдардың саны 100 мыңнан 29 мыңға азайғанын мәлім еткен болатын.

Айта кетерлігі, бұған дейін әлеуметтік желілерде формадағы адамдардың тұтқынға жәбір көрсетуі туралы видео тараған еді. Алматы облысында болған оқиғаның бейнежазбасы қоғам наразылығын тудырды. Ақыры Алматы облысындағы ЛА-155/8 мекемесінде сотталғандарды азаптаған қызметкерлер жауапкершілікке тартылды. Колония басшылығы жұмыстан кетті.

Хабар 24 телеарнасы