386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада тұрғын үйлердің 87% жылыту маусымына дайын

  • 116
Елордада тұрғын үйлердің 87% жылыту маусымына дайын

Бүгiн елорда əкiмдiгiнде қаланың 2019-2020 жылу беру маусымына дайындығы талқыланды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Жиында Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энергетикалық кешенi жəне коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Тɵлеуов елордада тиiстi штаб құрылып, бекiтiлген кесте бойынша тиiстi жұмыстар атқарылып жатқанын жеткiздi.

«Астана-Энергия» АҚ ЖЭО-лардың 2019-2020 жылдардың жылыту кезеңіне жалпы дайындығы 77,9% құрайды, оның ішінде: ЖЭО-1 дайындығы – 68,8%. Ал ЖЭО-2 дайындығы – 79%-ды, аудандық қазандықтардың дайындығы 91,5% құрайды. Сонымен қатар ЖЭО-ларды кɵмiрмен қамтамасыз ету мəселелерi де бар. Қазiргi уақытта 310 мың тонна кɵмiр осы ЖЭО-ларға арналып отыр. Ол 20 күнге шақталған қорымыз. Бұған қоса 10 мың тонна мазут жанармайы тағы бар», – дейдi Ербол Тɵлеуов.

Ол сондай-ақ «Астана-Теплотранзит» туралы да айтып ɵттi. Айтуынша, бұл мекеме жылу беру маусымына 55 пайызға дайын. Ал «Астана-АЭК» АҚ-ның жылыту кезеңіне жалпы дайындығы 72% құрайды. Оның 30 шақырымға созылған кабель жүйесi ауыстырылған. 

Бұдан ɵзге тұрғын үй жəне əлеуметтiк нысандардың жылу беру маусымына дайындығы айтылып ɵттi.

«Бүгiнде елордада 2512 тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесiне қосылған. Оның 87 пайызы алдағы маусымға дайын. Бұл салада əлi де проблемалар бар. Оны аудандық əкiмдiктермен бiрлесiп шешiп жатырмыз», – дейдi ол.

Ол проблемалардың арасында ПИК мəселесi, тұрғындардың уақтылы ақша тапсырмауы секiлдi түйткiлдердi ерекше атап ɵттi.

«Бiлiм беру, денсаулық сақтау, мəдениет нысандары бойынша ешқандай қиындық жоқ. Бiз 90 пайызға дайынбыз. Нақтырақ айтар болсақ, қаладағы 173 білім беру нысанының 164-i, 38 денсаулық сақтау нысанының 36-сы, ал 14 мәдениет нысанының 11-i  дайын», – дейдi басқарма басшысы.

Хабар 24 телеарнасы