386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда 15 үй бес жылдан бері сусыз отыр

  • 123
  • UPD: 20:41, 06.08.2019

Алматыда ондаған отбасы бес жылдан бері сапалы ауыз суға жарымай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себеп біреу. Құбырдың тозығы жеткен.

Ескі құбырдың шұрық-тесігін тұрғындар өз күшімен жамап көрген. Бірақ нәтиже шамалы. Ал коммуналдық кәсіпорын құбырды жаңартуға асығар емес. Неге?

Жеке тұрғын үй секторындағы Баишев көшесінің сиқы осы. Дәл осы тұста жер асты су құбыры өтеді. Өткен ғасырдың 60 жылы салынған құбыр әбден ескірген, апатты деп танылғанымен, ешқашан ауыстырылмаған. Көше тұрғындары оны өз қаражаттарына жылына екі рет жөндейді.

Нұржан Садуақасов, қала тұрғыны:

– Біз барлық салықтарын төлеп отырмыз. Бірақ біздің көшеге ешкім мән бермей отыр. Көшедегі су жылына 2-3 рет тесіліп тұрады. Оны өзіміздің күшімізбен жөндеп жатырмыз. Бірақ ол жөнделгенімен, ештеңе бітпейді. Өйткені құбырдың тозығы жеткен.

Құбырды ауыстыру керек деп тұрғындар «Алматы су» мекемесіне де, Жетісу аудандық әкімдігіне де талай мәрте айтқан. Биыл Баишов көшесіндегі ауз су жүйесін қайта жаңарту жұмысы басталған еді. Бірақ 199 мен 2014 үйлердің арасындағы құбырды жөндеуге келгенде жұмыс кілт тоқтаған. Содан бері 15 үй тағы да сусыз отыр. Коммуналдық мекеме мұны осы аралықтағы құбырдың нақты ешкімнің меншігінде болмағандығымен түсіндіреді.

Нұрлан Өмірханов, қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бас маманы:

– Бұл су құбырының нақты меншік иесін анықтау керек. Оны жекеменшік мүлік деп тану, болмаса қараусыз қалғандығы жөніндегі шешімді аудандық әкімдік немесе сот шешеді. Содан кейін ғана құбырды мемлекеттік мүлік қатарына қосуға болады.

Заңға сәйкес коммуналдық мекеме апатты су құбырын өз меншігіне ала алмайды. Демек оны тұрғындар тағы да өз қаржыларына жөндеуге мәжбүр. Мердігер мекеме көрсететін қызметі үшін 4, 5 миллион теңге сұраған. Ал бұл ауданда негізінен зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Олар мұндай қаражатты өтеуге қауқарсыз. Тұрғындар шағымын тыңдауға Жетісу аудандық әкімдігінің өкілдері келді. Олар көшедегі су құбырын ауыстыру үшін жобалық сметалық құжаттамаға енгізу қажеттігін айтты. Ал ол қашан іске асатыны әзірге белгісіз. Сондықтан тұрғындар тағы күте тұруына тура келеді. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Александра Салмина, Эдуард Кон, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы