386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде қарызы бар пәтерлерге жылу берілмейді

  • 121
  • UPD: 21:35, 06.08.2019

Семейдегі коммуналдық мекеме қарызы бар пәтерлердің жылу желісін кесіп тастап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін баспана иелеріне бірнеше рет ескерту берілген. Нәтиже болмаған соң осы әрекетке баруға тура келген. 

Мекеме өкілдерінің айтуынша, қазір қала тұрғындарының берешегі 250 млн теңгеден асқан.

Коммуналдық қызмет ақысын уақытында төлемеген семейліктер биыл жылудан қағылады. Тұрғын үй секторындағы қарызы бар пәтерлерге осыған дейін бірнеше рет хабарлама жіберілген. «Берешегі мол баспана иелері әлі күнге үнсіз. Алайда ертең үйі суығанда төбе көрсетері анық», - дейді қаланың жылу жүйесіне жауапты мекеме өкілдері.

Николай Демин, коммуналдық мекеменің техникалық директоры:

– Біз қазір өз алдына дербес тұрған үйлер мен заңды тұлғаларға қарайтын кешендерді жылу жүйесінен ажыратып жатырмыз. Мұнан соң пәтерлерге көшеміз. Мамандар жылу батареяларын қияды болмаса оларға ыстық су жібермейтін тетік орнатады. Шыдамның да шегі бар демекші, өзіміздің де қарызымыз бастан асады.

Қала ішінде қарызға белшесінен батқан пәтерлер көп. Мәселен, мына үйдің берешегі үш жүз мың теңгеге жетіп қалған. Коммуналдық қызмет ақысы мүлдем төленбеген баспана жылудан ажыратылды. Иесі ертең борышын өтеген жағдайда мекемеге келген шығын үшін қосымша 110 мың теңге төлеуге міндеттеледі.

Айнұр Төлейбаева, «Теплокоммунэнерго» МКК сату басқармасы басшысының м.а:

– Заңды тұлғаларға қарайтын 17 ғимарат пен тұрғын үй секторындағы 12 нысан жылу жүйесінен ажыратылды. Өкінішке қарай мұндай амалды жыл сайын қолдануға мәжбүрміз. Берешегі толық төленген жағдайда баспана жүйеге қайта қосылады.

Семейліктердің бұл мекемеге қарызы жыл санап өсіп келеді. Бүгінде қала тұрғындарының жалпы берешегі 251 млн теңгеге жетіп отыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы