386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түрмедегі азаптау оқиғасы: 7 қызметкер жұмыстан қуылып, оның бесеуі қамауға алынды

  • 138
  • UPD: 21:32, 06.08.2019

Заречное түрмесінде болған оқиғаға қатысты 7 қызметкер жұмыстан қуылып, оның бесеуі 2 ай мерзімге қамауға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Жалпы осы оқиғадан соң сең қозғалғандай. Енді сотталушылардың құқығын қорғау үшін қылмыстық-атқару жүйесіне біраз өзгеріс енгізілетін жайы бар.

Заречное түзеу мекемесінде сотталушыны азаптаған бейнематериал жұртқа мәлім болды. Қазір қылмыстық атқару мекемелері жаппай тексеріліп жатыр. Бұл іс Президенттің де назарын аударып, Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурорға жедел тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Алматы облысы Заречное ауылындағы түзету мекемесінде (ТМ) жазасын өтеушілерді азаптау деректеріне қатысты Бас прокурорға жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырдым. ТМ-нің 5 қызметкері ұсталды, бірқатары жұмыстан босатылды. ІІМ-не ТМ жаңғырту тапсырылды. Азаматтық бақылауды күшейту қажет.

Жыл басынан бері қылмыстық-атқару жүйесінің 1500 қызметкері құқық бұзғаны үшін жауапқа тартылған. Олардың бірқатары жұмыстан қуылса, бесеуінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Соңғы 3 жылда ішкі істер органдарында 53 азаптау оқиғасы тіркелді. Оның 13-і түрмелерде, қалғаны тергеу абақтысында болған. 

Жанна Назарова, «Халықаралық түрме реформасы» ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігі директорының орынбасары:

– Көбі ішкі істер органдарының өзінде болған. Яғни әлі тергеу жүріп жатқан кезде күдіктілерді қинаған. Әлі сот үкімі шықпай тұрып болған оқиағалар. Біздің еліміздің заңдары бойынша азаптау бұл ауыр қылмыс түріне жатады. Яғни қылмыстық іс қозғалады.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы елдегі 82 мекеменің барлығын бірдей бақылап отыру оңай емес дейді. Әзірге 32 түзету мекемесінің қызметкерлері кеуделеріне бейнежетон тағып жүретін болған. Сонымен қатар Ақмола облысындағы мекемелерде жазасын өтеушілер туыстарымен хабарласып тұруы үшін бейнебайланыс жүйесі пилоттық жоба ретінде енгізіледі.

Дархан Қанатбеков, ҚР ІІМ ҚАЖК төрағасы:

– Осы күнге дейін бейнекамералар қойылған. Алайда толық қамтамасыз етілмеген. Жыл аяғына дейін видеожетон алынады. Егер сотталғандар арыз-шағым жазып жатса, ол міндетті түрде тіркеледі. Сосын қылмыстық іс қозғалады.

Кейінгі бірер жылда елімізде сотталғандардың саны 100 мыңнан 25 мыңға дейін азайды. Қазір түрмеде отырғандардың көбі – ауыр қылмыс жасағандар. Жалпы жазасын өтеушілердің 75 проценті жұмыспен қамтылған. Қазір Қылмыстық атқару жүйесін жаңғыртудың жол картасы әзірленіп жатыр. Бұл жүйедегі кемшіліктерді жоюға сеп болады, дейді мамандар. Оған құқық қорғаушылар мен қоғам өкілдерінің 200 ұсынысы енгізілген.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Марат Диқанбаев

Хабар 24 телеарнасы