386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да дауылдың шығыны есептеліп жатыр

  • 113
  • UPD: 23:23, 06.08.2019

Батыс Қазақстан облысында жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жеткен кешегі дүлей дауылдың шығыны есептеліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек Орал қаласының өзінде екі орта мектептің шатыры ұшып, бірқатар мемлекеттік және коммерциялық нысанға зақым келген.

Зашаған кентінде ондаған мың тұрғын жарықсыз отыр. Су да жоқ.

«Мен көрдім ұзын қайың құлағанын.» Поэзия патшасы Абайдың осы бір жыр жолдары кеше біраз оралдықтың ойына оралғаны анық. Түс ауғаннан қас қарайғанша еккілене соққан дүлей дауылдан шаһарда 60 шақты терек құлаған. Жай құлап қана қоймай, электр сымдарын 105 жерден үзген. Орал қаласында екі мектептің, облыс бойынша ондаған әлеуметтік нысанның шатыры ұшқан. Сұлаған ағаш ондаған көлікті басып қалған. Түрлі дене жарақатын алған 5 адам ауруханаға жатқызылған.

Ақылбек Ахметжанов, облыстық ТЖ департаменті басшысының орынбасары:

– Кешегі болған оқиғаға байланысты ҚР азаматтық қорғаныс заңы бойынша төтенше жағдайы тіркелген болатын. Сол бойынша мекемелер мен адамдарға шығындар өтелетін болады. Ол үшін керекті құжаттарды рәсімдеу керек. Одан әрі қарай заңнамаларға байланысты төлемдер, шығындар анықталатын болады.

Жалпы табиғаттың тосын мінезіне байланысты көмек сұрап, кеше 300-ден астам тұрғын қоңырау шалған. Облыста 26 елді мекен, Орал қаласында 4 мың абонент жарықсыз қалған.

Валерий Диминтевский, «Батыс Қазақстан электр тораптарын таратушы компаниясы» АҚ қалалық филиалының директоры:

– Кеше біз адамдар токка түсіп қалмас үшін электр қуатын айырумен ғана айналыстық. Ал қалпына келтіру жұмыстарын бүгін бастадық. Сол себепті апаттың зардабын жою жұмыстары бүгін-ертең аяқталады деп айта алмаймын. Қазір бұл іспен Орал қаласында 8 бригада айналысып жатыр. Әуелі жоғары қысымды желілерді қалпына келтіріп, қосалқы стансаларды қосуға тырысамыз.

Табиғат апатының салдарынан Зашаған кентіндегі жаңа ауданға су беру де тоқтатылды. Себебі осы жердегі су сорғысын қамтамасыз ететін қосалқы электр стансасы түнде жанып кеткен. Қазір ондаған мың тұрғын жарықсыз әрі сусыз отыр. Оларға арнайы көліктермен су жеткізу ісі де көптің көңілін көншітпейді. 

Айдарбек Рақымғалиев, Орал қаласының тұрғыны:

– Таңмен тұрғанда су да жоқ, жарық та жоқ. Ең бірінші ақпарат та бермей тұр. Ең болмаса телефондарға жіберсе жағдайды айтып, түсінікті болар еді. Тек қана бір жарымда әкелді деп айтуға болады. Кісі көп, халық көп, көріп отырсыз.

Табиғат апатының зардабы мен келген шығын әлі анықталуда. Өңірде арнайы комиссия құрылған. Қалпына келтіру жұмыстарының барысы өңір басшысының бақылауында.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы