386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлдықтар қыста жылусыз қаламыз деп алаңдаулы

  • 116
  • UPD: 23:21, 06.08.2019

Петропавл жұртшылығы қыста жылусыз қаламыз деп алаңдаулы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған негіз бар. Орталық көшелердің бірінде апатты деп танылған үйлер сүріліп, жылу магистралі алынып тасталған.

Қыс жақындаған сайын Ләззат Есентаеваның уайымы еселене түсті. Өйткені маусым айында апатты үйлерді сүре бастаған кезде оның баспанасын жылу магистралінен еш ескертусіз ажыратып тастаған. Содан бері кейуана қалалық әкімдікке де, жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорынға да арызданған. Алайда әлі күнге жауап жоқ. Сондықтан қыста жылусыз қаламыз ба деп алаңдайды.  

Ләззат Есентаева, қала тұрғыны:

– Қыс жақындап келе жатыр. Мен балалармен бірге тұрамын. Қызымның аяғы ауыр. Қиын болады деп ойлаймын. Қыркүйектен бастап үй суық болады.

Жауап болмаған соң, тұрғындар полицияға да шағымданыпты. Қазір аталған фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ал бұл осы ауданда орналасқан көлік жөндеу станциясы. Кәсіпкер Татьяна Моор оны 2009 жылы ашқан. Алты адам еңбек етіп келген орталықта бүгінде бір ғана маман қалыпты.  

Татьяна Моор, кәсіпкер:

– Мына дардай кешенді қалай жылытамын? Ертең мәселе шешілмесе, барлық жұмыс тоқтайды. Ал осы күнге дейін жылу үшін төлемді уақытылы жасап келемін. Салықты да төлеп тұрамын. Неліктен еш ескертусіз келіп, құбырды кесіп кеткендері түсініксіз.

Ал қалалық әкімдіктің қызметкерлері бұл мәселеден хабарсыз болып шықты. Сондықтан олардан бұл жайында тұщымды жауап ала алмадық.

Қазір бұл учаскеде апатты баспаналардың орнына екі көп қабатты тұрғын үй тұрғызылатын болады. Сондықтан құрылыс және қала сәулеті бөлімі жауапты мекемеге ескі жылу құбырларын толығымен алып тастауға тапсырған.  

Виталий Холоша, «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас инженері:

– Біз бұл мәселеден хабардармыз. Тұрғындарға еш уайымдауға кеңес береміз. Оларға жылу уақытша басқа құбыр арқылы тартылатын болады. Бұл шаруаларды біз өзіміздің есебімізден жүргізетін боламыз.

Жылумен қамту кәсіпорнының мамандары аталған мәселені 1 қыркүйекке дейін шешіп береміз деп уәде етті.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы