385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде аяқ киімге арналған шикізат сапасы сын көтермейді

  • 122
  • UPD: 08:47, 07.08.2019

Отандық жеңіл өнеркәсіп саласының дамуына не кедергі?

Төрт түліктен алынатын өнімдерді қайта өңдеуге бағытталған өндіріс ошақтары жоқ емес, бар. Алайда бастаған істі дөңгелетіп әкететіндері аз, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Мәселен, бірер жыл бұрын ғана жұмысын бастаған Оралдағы аяқ киім фабрикасы қазір тоқтап тұр. Тері өңдеуге бағытталған өндірістің тоқырауына не себеп?

Оралдық аяқ киім фабрикасы екі жыл бұрын іске қосылды. Сол уақыттан бері мұнда 3500 дана аяқ киім тігіліпті. Бүгінгі күні дайын өнімнің тек 30 проценті ғана сатылған.

Айта кету керек, оралдық фабриканың әр ауысым сайын 800 дана аяқ киім тігетін мүмкіндігі бар. Кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 700 бас ірі қара мен 2 жарым мың қой терісін өңдеуге есептелген. Алайда толық қуатқа шығу үшін жаңа өндірістік желіні іске қосу қажет. Көп мәселе шикізат сапасына байланысты.  

Димаш Нұрғалиев, тері өңдеу кәсіпорнының коммерциялық директоры:

– Бүкіл Қазақстанда қазір көп зауыттар жасап жатыр. Оның ішінде wet blue жартылай фабрикатын шығарады, сиыр, қой терісінен краст шығарады. Аяқ киім фабрикасы біздің өзіміздікі және Алматыда, Жамбылда бар. Олардың бәрі теріні шетелден алады. Өз теріміз аяқ киім жасауға қазіргі уақытта жарамайды.       

Былтыр зауытта өңделген жартылай фабрикат Түркия, Италия және Испания мемлекеттеріне экспортталыпты. Дегенмен сапалы өнім шығаруға қажетті бірінші және екінші дәрежелі тері табу қиын. «Бұған басты себеп шаруа қожалықтары бағымындағы малдың күтіміне мән бермейді. Сойған кезде теріні бүлдірмей алу да өзекті мәселенің бірі»,– дейді мамандар.

Димаш Нұрғалиев, тері өңдеу кәсіпорнының коммерциялық директоры:

– Біздің зауытта басты проблемалар – маман және өте қымбат коммуналдық төлемдер, кеден салығы. Біз шикізатты жақсы теріден алғымыз келеді, Ресейден және еліміздің ет комбинаттарынан таңдап, тек қана жақсы тері жинап, содан 1,2-сұрып шығарамыз деп ойлаймыз.

Тұрсын Өтебаева, кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы: 

– Тоқыма бұйымдары өндірісімен және теріні өңдеумен айналысатын кәсіпорындар бүгінгі күнде шикізаттың сапасына қатысты және шикізат тапшылығы бойынша қиындықтармен кездесуде. Ол проблеманы жою үшін бүгінгі таңда теріні өңдейтін орталық ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Өңірде жеңіл өнеркәсіптің өрістеуіне қолайлы алғышарттар бар. Жыл санап шикізаттың басты көзі саналатын мал саны артып келеді. Былтыр аймақтың жеңіл өнеркәсіп саласында 1 миллиард 300 миллион теңгенің өнімі өндірілген. «Бұл – бұдан екі жыл бұрынғы көлеммен салыстырғанда 1 жарым есеге артық көрсеткіш», – дейді мамандар. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы