386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық нарықта отандық аяқ киімнің үлесі 5 пайызды құрайды

  • 153
  • UPD: 08:47, 07.08.2019

«Өндірісті дамытсақ, елімізде жасалған аяқ киім 164 миллион доллар болатын импорттық тауарды алмастыруға мүмкіндік береді», – дейді мамандар.

Ал бұл саланың дамуына не кедергі?

Отандық аяқ киім өндірісінің орталығы саналатын Алматыда аяқ киім шығарумен айналысатын 5 фабрика бар, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Елімізді айтпағанда, үлкен мегаполистің нарығын қамту үшін бұл көп емес. «Сондықтан отандық өнім шығаруда бәсекелестік сезілмейді», – дейді кәсіпкерлер. Демек импорттық өнімдерді нарықтан ығыстырамыз деп айтуға әлі ерте. Отандық өндірістің адымын аштырмай тұрған мәселе көп.  

Дәурен Раманқұл, отандық аяқ киім фабрикасының құрылтайшыларының бірі:

– Адамдар жоқ жұмыс істейтін. Сондықтан біз киім тігетін, жиһаз тігетін цехтардан, фабрикалардан адамдарды жұмысқа алып, аяқ киімге үйретеміз. Қазақстанда дұрыс шикізат жоқ. Аяқ киім жасайтын. Біз әзірге шикізаттың 70 пайызын Түркия және Италия мемлекеттерінен сатып аламыз.

Сапасы түріктердікінен кем түспейтін таза былғарыдан тігілген бұл аяқ киімдерге сұраныс көп. Бағасы да қымбат емес. 15-20 мың теңге арасында. Әзірге айына мың жұп аяқ киім тігетін өндіріс болашақта экспортқа өнім шығаруды жоспарлап отыр. «Мемлекет басшысының осы отандық аяқ киімді таңдауы өндіріске серпін берді», – дейді кәсіпкер.

Дәурен Раманқұл, отандық аяқ киім фабрикасының құрылтайшыларының бірі:

– Кез келген бизнес жарнамасыз жүрмейді. Мемлекет тарапынан жарнамалар өте тиімді. Президенттің жарнамасының арқасында дүкендерде сатылым 3 есе өсті, ал онлайн сатылым 5 есе өсті. Әзірге біз толықтай санай алмадық. Өйткені әлі де адамдар келіп жатыр.

Қазақстандықтар сапалы, ыңғайлы дизайнмен тігілген аяқ киімді сатып алуға дайын. Ал отандық аяқ киім өндірісін дамытуға мемлекет тарапынан қандай жағдай жасалған?

Дәулет Асылбеков, «Атамекен» ҰКП қалалық филиалының сараптама талдау бөлімінің басшысы:

– Жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша бағдарлама қабылданған. Сол бағдарлама бойынша 6 пайыз несие алуға болады. Оңтүстік экономикалық аймағы бар. Бұнда салық жөнінен және басқа да субсидиялар алуға болады.

«Отандық аяқ киімді сауда-саттық орындарына шығару да қиын», – дейді кәсіпкерлер. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қазір ірі сауда орындарымен келісімдер жүргізуде. «Қазақстанда жасалған» аяқ киімді ірі дүкен сөрелерінен көретін күн алыс емес.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев, Валентин Лобанов, Ерлан Шалбаев

Хабар 24 телеарнасы