386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкенттің аяқ киім фабрикаларында білікті маман тапшы

  • 132
  • UPD: 08:45, 07.08.2019

Кезінде ұзақ жылдар тұралап қалған бұл кәсіпорындар бүгінде қарқынды дами бастады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бірақ толық қуатында жұмыс істеуі үшін саланың қыр-сырын білетін кәсіби кадрлар керек.

Шымкент аяқ киім фабрикасы – өңірдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Мұнда күніне үш жүз жұп аяқ киім тігіледі. Дегенмен бүгінде зауыт жартылай ғана жұмыс істеп тұр. Басты себеп – жұмыс қолы жетіспейтіндігінде.  

Жамшид Иристаев, аяқ киім фабрикасының бас директоры:

– Мамандар аз, жұмысшылар келсе үйретеміз, шеберлер бар. Бізге үйренетін адамдар керек. Үйреніп алып, кейін тастап кететіндер көп болып жатыр. 300-400 адам келіп-кетті. 

Өндіріс орнына тігіншілер, тоқушылар, дайындаушылар, пішушілер жетіспейді. Сандуғаш Жомартбекова – кәсіпорындағы жалғыз дизайнер. Бүгінде ол қысқы коллекцияларды дайындауда.

Сандуғаш Жомартбекова, дизайнер:

– Тапсырыс беретін адамдар өзінің аяқ киімдерін ұсынады, осындай модельде керек, осы ұнайды деген сияқты. Қазір сатылымда осылар жақсы болып жатыр, соларға қарай біз аяқ киімді жасап береміз.

Кадр мәселесін шешу үшін фабрика шетелдік мамандарды шақыртып, қызметкерлердің білім-білігін шыңдауды үрдіске айналдырған. Бұл жерде сапаға ерекше мән беріледі. Шикізат сырт елдерден әкелінеді. Дегенмен біртіндеп оны отандық өнімге алмастыру жоспарда бар екен. 

Жамшид Иристаев, аяқ киім фабрикасының бас директоры:

– Ойдағы жоспарларымыз іске асып жатыр. Аяқ киімнің артқы жағына үш түрлісін құямыз. Табандары аяқ киім шығаратын кішкене фабрикалар, цехтарға сатылады.

Кәсіпкерлер палатасы Шымкенттегі аяқ киім компанияларының қазіргі нарық талаптарына жауап бере алмайтынын жасырмайды. Бірақ бұл тек кадр жетіспеушілігінен туындап отырған мәселе емес. Аяқ киім импорты мен контрабандалық тауарлардың да ықпалы бар. Мамандар айтулы мәселені штрихкод арқылы шешуді ұсынып отыр.

Олжас Жансейітов, қалалық кәсіпкерлер палатасының жобаларды қолдау бөлімінің бастығы:

– Келетін және өндірілетін заттарға штрихкод істейміз. Мемлекет тарапынан. Сосын мұны тексеруші органдар базарларда, сауда орталықтарында тексерген кезде штрих коды жоқ компаниялар, яғни тауарларды контрабандамен кіргізген болады.

«Сапалы аяқ киімге сұраныс бар», – дейді мамандар. Есесіне фабрикалар мен зауыттардың жұмысын жандандыру үшін мемлекет тарапынан да қолдау тетіктері қарастырылған. Елбасы «қарапайым заттардың экономикасын» дамытуға 600 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Бүгінде Шымкент қаласындағы аяқ киім фабрикаларының бірі өндірісті кеңейту үшін несие алған.    

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Катерина Попкова

Хабар 24 телеарнасы