386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекеттік қызметкерлер арасында отандық киім сәнге айналды

  • 143
  • UPD: 10:17, 07.08.2019

Отандық өндірушілер шетелдік шикізатқа тәуелді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазақстандық аяқ киім тігетін шеберлер осылай деп налиды. Өнімі өтімді болғанымен, шикізатты өзімізден емес, әлі күнге дейін шеттен тасып жүр. Өйткені елімізде шикізат өндіруші кәсіпорындар жоқтың қасы. «Тері көп, оның иін қандырып, етікке епті етіп илейтін орын жоқ», – дейді кәсіпкерлер. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ел билігі қандай қадам жасады.

Тараздағы кәсіпорын жылына 500 мың жұп аяқ киімнің 70-тен астам үлгісін шығарады. Өндіріске жаңа технология енгізген. Шикізатты Германия мен Ресейден алады. Отандық былғарыны да көптеп пайдаланады. Себебі теріні де өздері илейді. Өткен жылы 200 мыңнан астам жұп аяқ киім шығарған. Бұдан былай балаларға да аяқ киім тікпекші. Қазір жергілікті тауар тек ішкі нарыққа шығарылады. Болашақта шетелге экспорттауды көздеп отыр. «Сапа стандартқа сай, шетелдікінен артық болмаса, кем түспейді», – дейді өндірушілер.

Еркін Әбдібаев, өндіріс басшысы:

– Биылғы маусымда әйелдерге арналған қысқы аяқ киімді, толықтай болмаса да, қамтуға тырысамыз. Ұлттық компаниялар мен әскерилер мемлекеттік тапсырыс береді. Әскерилерге сапалы аяқ киім тігуге тырысамыз. Қосымша бөлшектерді: сыдырмасы, бауы бар табаны – бәрін біз шетелден аламыз.

Қазақта «тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық» деген сөз бар. Теріден тігілген сырт киім де, аяқ киім де киіс берері анық. Десе де дәл осы былғарыдан тігілген аяқ киімдердің көбі шетелден келеді. Ал отандық аяқ киім өндірісі енді дами бастады. Содан болар тіпті мемлекеттік қызметкерлер арасында отандық киім кию «модаға» айналды. Аяқ киім іздесе де Қазақстанда шығарылғанын қалап тұратындарын айтады. Бағасы қалта көтереді. Сапасы да шетелдік брендтерден кем еместігін айтады.

Мадияр Қожахмет, ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы:

– Қазір бәсекеге қабілетті бола алатын қазақстандық өнімдер шығып жатыр. Мысалы, жақында ғана президентіміз де қазақстандық аяқ киімге тапсырыс беріп жатыр. Менің таныстарымның арасында да отандық киімдерге таңдау жасайтындар күннен-күнге көбейіп жатыр.

Еліміз шикізатқа қанша бай болғанымен, оны өңдеу жағы кемшін түсуде. Тіпті шикізат өзімізге жетпей жатқан тұста сойылған малдың терілерінің басым бөлігі бұған дейін шетел асырылып келген. Түркия, Қытай, Ресей сынды елдерде оны тереңдетіп өңдеп, түрлі тауар әзірлейді. Кейін Қазақстан нарығына ондаған есе қымбат бағаға қайта сатылады. Ал бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында бұған жауапты министрлік бірқатар шараны қолға алған. Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі шетелдің шикізатына тәуелді болмас үшін биыл алты айға ірі қара мал терісін экспорттауға шектеу қойды. Бұл отандық кәсіпорындардың жұмысына сеп болады деп отыр.

Қанат Баитов, ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы:

– Біз отандық өндірушілердің теріні сапалы жинап, былғары зауыттарын қамтамасыз ететіндей жүйені пысықтағымыз келеді. Тері зауыттарына талдау жасаймыз. Нақты былғарыны қандай сапада өңдеу қажеттігін білгіміз келеді. Яғни қазақстандық аяқ киім өндірісі үшін қандай өнім лайықты болады дегенді білгіміз келеді. Бүгінгі таңда біздің аяқ киім шығаратын зауыттар теріні Италиядан, Түркиядан және Ресейден әкелетінін жасырмаймыз. Себебі біз оларды әлі сапалы былғарымен қамти алмай отырмыз.

Дегенмен еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласындағы теріні көп қажет ететін аяқ киім өндірісінің үлесі 11 проценттен аспай отыр. Ал тері өңдейтін ірі зауыттардың көбі мемлекеттің қолдауына зәру. Индустрия министрлігі болса былғары бизнесіне жаңа серпін береміз деп сендірді.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы