386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде миллионнан астам жас көшет қурап қалды

  • 109
  • UPD: 14:36, 07.08.2019

Судың әлегі жасыл желекке де жайсыз тиді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ақтөбеде миллионнан астам жас көшет қурап қалды. Осыдан екі жыл бұрын отырғызылған тал шыбықтар әуежай маңын көкке орауы тиіс еді. Бірақ тамырына тамшы су тимеген соң осы. Жас өскіннің жетілуіне ешкім көңіл бөлмеген.

Мына аумақта тал-теректің бірнеше түрі өсіп, жайқалып тұру тиіс еді. Алайда көшеттер отырғызылғанымен, оны күтіп-баптауға ешқандай қаражат қарастырылмапты. Нәтижесінде ағаштар екі жыл ішінде әбден қурап біткен.

Қала аумағында жасыл белдеу қалыптастыру жобасы 2017 жылы қолға алынған. Мың гектар аумаққа 1 млн 200 мың түп ағаш егілген. Ортасында ұшақтағы жолаушыға қала атауы көрінетіндей етіп «Ақтөбе» жазуы қылқан жапырақты көшеттерден отырғызылыпты. Алайда бүгінгі күйі көңіл көншітпейді.

Евгений Лазарчук, еріктілер ұйымының жетекшісі:

– Осы маңды келіп қараған едік. Тіпті қайсысы көшет, қайсысы арам шөп екенін ажырату қиын болдды. Қаншама қаражат жұмсап ағаш отырғызылды. Оны қарау керек еді.

Әуежай маңын жасыл желекке айналдыру үшін 70 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Негізінен қарағаш, шаған, жиде, орман алмасы және өзге де тал-теректер отырғызылыпты. Дегенмен миллион түптің қурап кеткенін жауапты мекеме өкілдері де мойындап отыр. Егу жұмыстарын жүргізген компаниядан кейін ешкім қолға алмаған. Ал суарып, күтіп-баптау үшін жылына 2 млрд қаржы қажет. Ондай қаражат бюджетте қаралмапты.

Хасан Юсупов, қалалық тұрғын-үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Суару жұмыстары оған қарастырылмайды. Бұл шыбықтармен егілетін болған соң, далада жердегі ылғалмен және ауа атмосфералық жауын-шашын суымен жерсініп өсуі тиіс. 2018 жылы ауа райының ыстығына, қуаңшылығына байланысты ол қурап кетті.

Ал облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасындағылар жасыл белдеуді қалыптастыру жұмысы әуелден-ақ дұрыс жүргізілмегендігін айтады. Тіпті арнайы жоба да болмапты. Ең бастысы, тиісті талап сақталмаған.

Ғабит Қылышбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Орман алқаптарын құрардан бұрын алдымен мамандандырылған мекемені тарта отыра орман орналастыру жобасын әзірлеу қажет. Оны мемлекеттік сараптамадан өткізу қажет. Содан кейін бір жыл бұрын жер дайындау жұмыстарын жүргізу қажет. Агротехникалық жұмыс жүргізу қажет. Сол кезде ол жақсы көрсеткішке жеткізеді. Ал норматив бойынша біздің Ақтөбе облысына орман екпелерінің шығымдылығы 60 пайыздан кем болмауы тиіс.

Әуежай маңында қурап қалған жас шыбықтар жасыл белдеу қалыптастыруда іске аспай алған жалғыз жоба емес. Қалалық қоқыс алаңы айналасында отырғызылған жүз мыңнан астам түп тал да қурап жатыр. Ал орман шаруашылығы мамандары мұндай жұмыс жүргізілмес бұрын алдымен зерттеу қажеттігін айтады. Себебі өңірдегі климаттың өзіндік ерекшелігі бар.

Шадияр Байдуллин, «Ақтөбе орман шаруашылығы» КММ директоры: 

– Қала айналасына қылқан жапырақты ағаштарды үлкен көлемде баптау қиын. Себебі оған үлкен қаражат керек. Негізі шаған, үйіңкі, қарағаш секілді ағаштарды отырғызуға кеңес берер едік. Ол өте тиімді. Қаланы желден қорғауға, ауасын тазартуға, оттегі бөлінуіне мол септігін тигізеді.

Миллионнан астам ағаш қурап, оған жұмсалған қаржы желге ұшқанмен, ақтөбелік шенеуніктердің бұл тұрғыда алға қойған жоспарлары көп. Келер жылдан бастап қала аумағындағы үш мың гектар жерге жаңа көшеттер отырғызамыз деп отыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнаддин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы