384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысындағы ауылда судың қымбатшылығынан кірді аптасына бір рет жуады

  • 303
  • UPD: 19:48, 07.08.2019

Аралбай ауылында ауыз су қымбат. Қостанай облысы Жанкелдин ауданындағы бұл елді мекен тұрғындары тіршілік нәрінің әр текше метріне мың теңгеден төлейді.

Бұл облыстағы ең жоғары баға. Үйге су келді деп қуанған жұрттың көңілі көп ұзамай су сепкендей басылған. 

Екі жыл бұрын Аралбай ауылына су құбыры тартылғанда тұрғындардың қуанышында шек болмады. Ашық көлден тасып ішудің тауқыметін тартып келген халық үшін бұл қолжетпес армандай еді. Бірақ қуаныштары көпке бармады. Тұтынған судың төлем қағазы келген кезде көбісі абдырап қалды.

Роза Күленова, Аралбай ауылының тұрғыны:

- Су үйге кіргені жақсы ғой, бірақ куб метрі бізде мың тенгеден, бұл біздің қалтамызға өте қымбатқа түсіп тұр. Кейбір айларда көп пайдаланған кезде 3 мыңнан 5 мыңға кетіп қалатын уақыттары болады.

Судың қымбаттығынан ауыл тұрғындарының біраз бөлігі бау-бақша егуді де қойған. Тіпті кір-қоңымыз, ас-суымызға да үнемдейтін болдық дейді зейнеткер Сәбира Шайзадина. Сонда да айлық ақысы 4-5 мың тенгеге шығып кетеді екен.

Сәбира Шайзадина, Аралбай ауылының тұрғыны:

- Әлгі балаларға да айтып отырамын. Жетісіне бір рет баняға апарам, кір жетісіне бір-ақ рет жуылады. Сосын үйдің ремонтының өзіне байқап-байқап, бір жола адам болған кезде құлап жатқан қора-қопсымызды дұрыстап сыламаймыз.

Ал енді бақша егіп, мал ұстайтын болсаңыз суға төлем тіптен шарықтап кетеді дейді жергілікті тұрғындар.

Есмұрат Мекебаев, Аралбай ауылының тұрғыны:

- Қымбат. Осы айдың алдында 15 мың төледік. Қалай мынау, мысалы бір айда 15 мың  масқара.

Бір қызығы, іргелес жатқан Көкалат ауылында және  одан кейінрек орталықтандырылған су жүйесі өткізілген Ақшығанақ ауылында да судың текше метрі небары 30 теңге. Аталған  елді-мекендер субсидияға ілігіпті. Ал аралбайлықтар  екі жылдан бері ондай жеңілдікке ие бола алмай отыр.

Бақытжан Торбаев, Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары:

- Өзіндік құны судың қымбаттау болғаннан кейін, бұлда субсидиялауға кірді. Қазіргі таңда соңғы мәлімет бойынша, менің біліп отырғаным, субсидияланғанның  өзінде сол 700 тенгенің көлемінде болады. Алдағы уақытта ол енді қарастырулда, тағы жеңілдіктер болып жатса.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне хабарласып білгеніміздей жақында Аралбай аулының тұрғындары үшін ауызсу тарифі 706 тенге 95 тиын болып бекітілген.Ал аудандық коммуналдық кәсіпорын текше метріне 1991 тенге баға тағайындауды сұрапты.Енді әкімдік мемлекет тарапынан субсидиялауға өтініш беруге тиісті. Оның қалай, қашан шешілерін ашып айту қиын.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы