386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында дала өрті 400 гектардан астам жерді жалмады

  • 151
  • UPD: 20:46, 07.08.2019

Алматы облысының Панфилов ауданында үш адамның өмірін қиған өрт толық сөндірілді.

Осы оқиға кезінде еріктілерді құтқарамын деп опат болған орманшыны бүгін Жаркентте дүйім жұрт ақтық сапарға шығарып салды. 

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Панфилов ауданынының Арасан шатқалындағы 5 күнге созылған дала өрті бүгін ғана басылды. Салдарынан 400 гектардан астам жер өртеніп кетті. Оны сөндіруге 100 шақты маман мен 20-дан астам арнайы техника жұмылдырылды.

Ғалымұрат Жүкел, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:

- Кеше өрттің жанынан үлкен котлован қазылып, Өсек өзенінен су алынған болатын. Сол котлованның арқасында өртті ауыздықтау мүмкін болды. Бүгінгі таңда өрттің ары қарай жайылу қаупі жоқ. Құтқарушылардың сөзінше, өрт ақырындап түнге дейін өзі сөнуі керек. Бұдан бөлек айтып кететін жағдай, осы оқиғаға байланысты қылмыстық кодекстің 292-бабы, 3 тармағы бойынша іс қозғалды.

Жаркент халқы кеше дала өртінен қаза тапқан екі еріктіні жер қойнына тапсырса, бүгін орманшы Еркінбек Оспановты ақтық сапарға шығарып салды. Еркінбектің артында бес баласы қалды. 2006 жылдан бері орманшы болып қызмет етіп келе жатқан ол өз ортасында беделді де білікті маман болатын, - дейді оны жақсы білетін азаматтар.

Ерік Қалиев, Еркінбек Оспановтың ағасы:

- Өрттен өзі қашып шыққан ол. Бұрыннан істеп жүрген мамандығы өзінің. Содан шығып, арғы жағындағы әкімшіліктен келген еріктілердің қаусын естіп, содан рациядан хабарлап, «менде жарақат алған адамдар бар» деп қайтадан отқа кіреді. Сол жерден шыға алмай қалған ғой.

Темірлан Бектасов, Панфилов ауданының әкімі:

- Үш адамға да көмек беріп жатырмыз жерлеп. Бес баласы бар азаматқа үй беріп жатырмыз. Мына кісіні мемлекеттік наградаға ұсынып жатырмыз. Бұл неге десеңіз, бүгінгі күннің батыры. Осындай ерлікке әрбір адам бара бермейді. Біреуді шығарам деп өзі қаза боп кеткен.

Дала өртінің құрбаны болған үш азамат та Алматы облыстық әкімдігі тарапынан мемлекеттік наградаға ұсынылды.

Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев

Хабар 24 телеарнасы