384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мұнай тасымалдау кәсіпорны тарту еткен дрон браконьерге қадам бастырмайтын болады

  • 316
  • UPD: 16:06, 08.08.2019

Енді киік санағын жүргізу жеңілдейді. Бұл істе ұшқышсыз ұшатын аппарат қолданылмақ. Ол көкке бір көтерілгенде 4, 5 сағат самғай алады.

Аса қажетті аппаратты «Каспий Құбыр Консорциумы» өз қаржысына сатып алып, «Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығына» тарту етті. Табыстау рәсіміне Экология, геология және табиғи ресурстар министрі қатысты.

Ұшқышсыз басқарылатын аппарат 5 шақырым биіктікке көтеріле алады. Бір ұшқанда 90 шақырым қашықтықтағы аумақты алақандағыдай көрсетеді. Көктен киіктерді санап қана қоймай, иен даладағы биоалуантүрлілікті зерттеуге қолданылады. Жыл сайын киік санауға әуе техникасы жалға алынатын. Қаржы жетпегенде мониторинг жүргізу қиын болды.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:

- Киіктің өзі 100 млн-нан астам гектер жерде өмір сүреді. Сол жерде біздің басты проблемамыз- бұл кең байтақ даламызда сол киіктің тұрған жерін, байқау соларды қорғау.

«Каспий Құбыр Консорциумы» «Киелі киік» бағдарламасымен ақбөкендерді сақтау шараларына жүйелі қолдау көрсетіп отыр. Құны 20 млн теңге тұратын әмбебап аппарат дала өрттерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Браконьерлердің де әр қадамын көктен бақылауға болады.

Қайыргелді Қабылдин, «Каспий құбыр консорциумы-Қ» АҚ Бас директорының орынбасары:

- Біздің компания мұнай тасымалымен айналысып қана қоймай, қайырымдылық саясатына қаржы бөліп, ерекше көңіл аударады. Қоршаған ортаны қорғау, оның ішінде, киіктерді сақтау шараларына үлес қосып отырмыз. Бұл заманауи аппарат инспекторлар мен экологтардың жұмысына зор үлес қосады.

Мамандардың айтуынша, сексенінші жылдары қазақ жерінде 2 млн-нан астам киік болыпты. Қазір 300 мыңнан сәл асады. Сондықтан иен даланың еркесін қорғау және көбейту өзекті мәселе болып тұр.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Әнуар Тәуекел

Хабар 24 телеарнасы