386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында 20 тамыздан бастап жаппай орақ науқаны басталады

  • 115
  • UPD: 09:23, 08.08.2019

Солтүстік аймақтардың диқандары биыл егін орағын жылдағыдан ерте бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір шаруалар маңызды науқанға қызу дайындық үстінде. Осы жылы Ақмола облысында 4,8 млн гектар аумақта жиын-терім жұмыстары жүргізілмек.

Ақмола облысындағы егістіктің басым көпшілігі – бидай алқаптары. Ол 4 млн 300 мың гектар жерді алып жатыр. Қазір егіннің көпшілігі пісіп дайын тұр. Бұйыртса 10 тамыздан кейін өңірдің оңтүстік аудандары алғаш боп егінге орақ салады. Ал 20 тамызда жаппай орақ науқаны басталады.

Егін орағына биыл 8 жарым мың техника дайын тұр. Олардың 3 жарым мыңдайы – өнімділігі жоғары жаңа комбайндар. Ал шаруаларды жанармаймен қамтамасыз ету үшін Үкіметтен 72 мың тонна арзандатылған дизель отыны да бөлінген. Жиналған өнімді қабылдайтын астық сақтау қоймалары да әзірлік үстінде. Өңірде ондай 69 нысан бар. Ал олардың жалпы сыйымдылығы 4 жарым млн тоннадан асады.

Димаш Таласбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Қазір барлық қоймалар астық қабылдауға толық дайын деп айтуға болады. Тек 2 нысан лицензиясынан айрылды. Олар банкротқа ұшыраған серіктестікке тиесілі. Бірақ жақын арада бұл мәселені оң шешіп, ол қоймалардың қайта іске қосылуына жағдай жасалады деп ойлаймын.

Бидайды кептіріп, сақтайтын орындарды салуға жекелеген шаруашылықтар да үлес қоса бастаған. Себебі өзіңде болса, бұл өте тиімді, - дейді егіншілер.

Ысқақ Смағұлов, серіктестік директоры:

– Біз бұл кешенді 2018 жылы іске қостық. Оның тиімділігі өте көп. Біріншіден, егістік алқаптарына жақын болғандықтан, тасымалдауға кететін шығындар едәуір үнемделеді. Екіншіден, бидайды осында сұрыптап, тұқымдықты бөлек сақтап қоя аламыз. Өткен жылы біз мұнда 33 мың тонна бидайды қабылдап, кептіріп, сұрыптадық.

Жалпы былтыр аймақ диқандары 5 млн тоннаға жуық астық жинаған болатын. Мамандар бұйыртса, биыл да сондай көлемде өнім жиналады деп отыр. Сапасы да жаман емес. Тек ең бастысы, егін орағы кезінде ауа райы қолайлы болса болғаны.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы