389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда жұмыс берушілердің арасында заңгерлерге сұраныс жоқ

  • 350
Қазақстанда жұмыс берушілердің арасында заңгерлерге сұраныс жоқ

Заңгерлер 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында электрондық еңбек биржасындағы түйіндемелер мен бос орындар санының арақатынасы бойынша Қазақстандағы білікті жұмысшылардың артық кәсіптерінің қатарын бастап тұр.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы сарапшыларының мәліметінше, үстіміздегі жылдың 6 айының қорытындысы бойынша еңбек нарығында заңгерлердің 3,6 мыңға жуық түйіндемесі сұранысқа ие болмай қалды. Айта кету керек, соңғы алты айда электрондық еңбек биржасында барлығы заңгерлердің 1221 бос жұмыс орны орналастырылған. Бұл ретте 4818 адам осы салада жұмыс іздеді.

Артық кәсіптердің бестігіне сондай-ақ әлеуметтік қызметкерлер (2,4 мыңнан астам түйіндеме), аспаздар (2 мың), компьютер техниктері (1,5 мың) және кеңсе қызметшілері (шамамен 1,5 мың) кірді.

Аз сұранысқа ие мамандықтардың ондығына экономистер (1,2 мыңнан астам түйіндеме), шаштараздар (1,2 мыңнан астам), қаржыгерлер (шамамен 1,2 мың), тігіншілер (1,1 мың) және технологтар (шамамен 1 мың) кірді.

Сонымен қатар 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында жұмыс берушілер тарапынан төмендегі мамандықтары бар жұмыс іздеушілердің түйіндемесі аз сұранысқа ие болды: сатушы-консультант, дене шынықтыру және спорт мұғалімі, Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі (орта мектеп), маникюр шебері, бухгалтер, кондитер, қазандық операторы, бастауыш сынып мұғалімі, бухгалтерлік қызметші, эколог, заңгер-кеңесші, инженер-экономист, техник-механик, педагог (бастауыш мектеп), визажист.

Естеріңізге сала кетейік, 1999 жылдың маусым айында ҚР Үкіметінің қаулысы негізінде «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» РМКК құрылды. 2011 жылдың қазан айында РМКК «Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» АҚ болып қайта құрылды. ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 1 шілдедегі қаулысымен «Жұмыспен қамту проблемалары жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» АҚ «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ болып өзгертілді.

Орталық қызметінің негізгі саласы еңбек нарығын реттеу және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру жөніндегі мемлекеттік саясатты ақпараттық және талдамалық қолдауды, халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдарды және халықты жұмыспен қамту орталықтарын әдіснамалық қолдауды қамтамасыз ету болып табылады.

«ЕРДО» АҚ Ақпараттық ілгерілету және PR басқармасы

Хабар 24 телеарнасы