386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атыраудан Алматы, Нұр-Сұлтан бағыттарына қатынайтын пойыздарға билет жоқ

  • 99
  • UPD: 23:14, 08.08.2019

Атыраудан Алматы, Нұр-Сұлтан бағытына қатынайтын жолаушылар пойызына қыркүйек айына дейін билет жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Амалы құрыған жолаушылар жол-жөнекей көлік іздейді, болмаса әуе қатынасын пайдалануға мәжбүр. Өкінішке қарай, бұл – мұнайлы өңір үшін жылда қайталанатын жағдай.

Атырау теміржол вокзалында анталаған кезек жоқ. Мұндағы 16 касса қалыпты жұмыс істеп тұр. Кезек болмайтын себебі билет жоқ. Барының өзі әлдеқашан сатылып кеткен. Әсіресе елорда мен Алматыға жету жолаушылар үшін жырға айналып барады. Тұрғындар облыс аумағындағы стансаларға жете алмай жүрміз деп ашынады.

Әбілхан Төлеуішов, қала тұрғыны:

– Тіпті мына тиіп тұрған Сағыздың өзіне бір ай бойы билет таба алмай, көлікпен барып келдім. Ондай шаруалар болып тұрады. Алматыдағы конференцияға билет жоқтықтан ұшақпен бардым. Міне, осындай түйткілдер – жаз шықса басталатын үлкен аурудың бір түрі.

Атырау стансасы арқылы 12 жұп жолаушы пойызы өтеді. Олар тәулігіне 3500-ге дейін жолаушы тасымалдауға қауқарлы. Алайда жазғы маусымда бұл да жеткіліксіз. Салаға жауапты «Жолаушылар тасымалы» компаниясы қолдан келгеннің барлығын жасап жатырмыз дейді.

Әлмұқан Есқалиев, «Жолаушылар тасымалы» АҚ облыстық телімінің басшысы:

– Өзіміздің құрамамызда 119 вагон бар. Қай жаққа сұраныс бар, соның барлығын қамтамасыз етіп отырмыз. Бұрын Алматы бағытына күнара бір пойыз жүретін болса, қазір Атыраудан Алматыға күнде пойыз бар. Бірақ халықтың сұранысы күннен-күнге көбейіп келе жатыр.

Бүгінгі басты проблема – Атырау-Нұр-Сұлтан бағыты. Себебі елордаға күнара жалғыз пойыз қатынайды. Бұған дейін жүріп тұрған «Тұлпар-тальго» құрамасы алынып тасталған. Тығырықтан шығу мақсатында қазір қосымша вагондар қосылуда. Күніне сұраныс бойынша 3 вагоннан 5 вагонға тіркелмек. 2020 жылға қарай қосымша жаңа жолаушы вагондары алынады деп күтілуде.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы