386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да күздік бидайдың 94% орылды

  • 191
  • UPD: 23:11, 08.08.2019

Батыс Қазақстан облысында егін орағы қарқынды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгінге дейін 69 мың гектар күздік бидайдың 94% орылып, ел ырысы ысырапсыз қамбаға құйылған. Орташа өнім әр гектардан 10,5 центнер. Бұл өткен жылғыдан сәл артық.

Биыл өңірде қыста қар қалың, көктемде ылғал мол болды. Осыған қарап егін жақсы шығады деген диқандардың үміті әзірге ақталмай тұр. Бітік шыққан жылы белуардан келетін бидайдың биіктігі биыл өздеріңіз көріп тұрғандай тізеге жетер жетпес қана. Облыста күздік бидайдың әр гектарынан 10,5 центнерден өнім жиналса, жазғы бидай 8 центнерден келуде.

Диқандар осының өзіне қанағат деп отыр. Себебі жаздың басы жауынсыз, әрі ыстық болды. Жаңа көктеген өскіндер тамыр жайып, бой жазып үлгермеген.

Болат Биғалиев, комбайншы:

– Аласа болғаны жаңбыр болмай, шықпай қалған. Дәні жақсы. Салмағы бір бункер 4 тонна 800-4 тонна 500 келіден шығып жатыр. Ол жақсы көрсеткіш.

Қолайлы ауа райымен қоса агротехникалық шараларды бұлжытпай сақтау – мол өнімнің кепілі. Мұны кәнігі диқан Бейбіт Асанов жақсы біледі. Қандай қуаңшылық жылы да қамбасы құр қалған емес. Күздік бидайдың гектарынан биыл 22 центнерден жинапты. Бұл орташа көрсеткіштен 2 есе артық. «Табыстың сыры себу мөлшерін асырмауда», – дейді ол.

Бейбіт Асанов, диқан:

– Себу нормасы ақ бидайға – 120-125, арпаға 130-140-тан ектік. Енді 20 жылдай қарап отырмын. Шамамен 100-110 келі еккеннен кейін ол да шығады. Жақсы жылдарда да шығады. Көбірек ексек, қоректену ауданы, ылғал жетпейді.

Облыста дәнді дақылдардың жалпы ауданы 247 мың гектарды құраса, оның 45 мың гектары арпа. Жауынның жиілеуіне байланысты диқандардың дені бүгінде арпаны тікелей ормай, дестеге жығуда. Дымқыл дәнді осылай құрғатып жатқандардың бірі – теректілік Мырзабай Боранбаев. Ол егін және мал шаруашылығын тел ұстап келеді. Өзге де шаруалар секілді оны жанармай бағасы толғандырады.

Мырзабай Боранбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Үкімет тарапынан беріліп жатқан жеңілдетілген солярканы пайдаланып жатырмыз. Көктемде 165 теңге болды. Сол екі аралықта 179 теңге.. Оны шаруашылыққа жеткізіп алу үшін қосымша көлік шығыны қосылады. Сонымен 190 теңгеге барады.

Тағы бір түйінді мәселе – ол көптеген шаруалардың айналым қаржысының аздығы. «Мемлекеттік қаржы институттары арқылы бөлінетін несие мөлшері жеткіліксіз, ал екінші деңгейлі банктердің есігін қағу шаруаларға тиімсіз», – дейді мамандар.

Серік Жарылғапов, «Қазақстан фермерлер одағының» өңірдегі өкілі:

– Толғандыратын мәселе – қысқа мерзімге кредит. Бізде көктемде республика бойынша соңғы 5-6 жылда 60 млрд ақша бөлінеді. Ол 60 млрд ақша деген республика бойынша мардымсыз, жетпейді. Ол 3-4 есе көп болуы керек деп есептейміз.

Күні бүгін өңір диқандары күзгі бидай мен арпа алқаптарын аяқтап, жазғы бидайға орақ салды. Ел ырысын ысырапсыз жинауға 705 комбайн, 385 дестелегіш жұмылған.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы