386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында баланы мектепке дайындау үшін қанша қаржы керек

  • 242
  • UPD: 23:09, 08.08.2019

Биыл Түркістан облысында 56 мыңнан астам бала 1 сыныпқа барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл былтырғымен салыстырғанда 20 мың балаға артық. Қазір өңірде 9151 аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан оқушы бар. Олар жаңа оқу жылына дайын ба? Жалпы бір баланы мектепке дайындау үшін қанша қаржы керек? Биыл өңірде оқулық мәселесі қалай шешіледі.

Бұл – Түркістан қаласының тұрғыны Бақытжамал Шектібаеваның отбасы. Көп балалы ана мектепке дайындықты жаз кезінен бастайды екен. «Себебі ол кезде оқу-құралдары мен мектеп формасы арзандау болады», – дейді. Бақытжамалдың 4 баласы мектепке барады. Ал үлкен қызы биыл колледжге оқуға түскен. Кішкентайы 3 жаста. Бес баланы оқуға дайындап отырған ана ешкімге қол жайып көмек сұрамайтынын, жолдасы екеуінің табысы балаларын қатырынан кем қылмай өсіруге жететінін айтады. «Баланы әр ата-ана өзі үшін табады. Демек өзі үшін киіндіруге міндетті», – дейді. 

Бақытжамал Шектібаева, көп балалы ана:

– 1 баланың киімі кемінде 50 мыңнан асады. Форманың өзі 20-30-дың үстіне шығады. Жемпір, жакеттері бар. Бастауыш сыныптарда жемпір 5-6 мың болса, жоғары сыныптарға 7-8 мың болады. Аяқ киім, сөмке, дәптер, оқу құралдары бар және ақ көйлектері, майда-шүйдесімен 50 мыңның үстіне шығады.

Ал Шахноза Тұрсынбаева – 4 баланың анасы. Оның да екі баласы мектепке барады. Көп балалы ана оқу құралдарын сатып алу үшін базарға арнайы келіп, мектепке қажетті дүниенің бәрін осы жерден сатып алды. Баласының болашағына бейжай қарамайтын ана отандық өнімге баса мән беретінін және заманауи оқу құралдарын да пайдаланатынын айтады.

Шахноза Тұрсынбаева, көп балалы ана:

– Қазір екі балама 25 мың теңгеге оқу құралдарын алдым. Олардың ішінде электронды кітаптар, мектепке керек деген барлық жабдықтарды алдым деп ойлаймын. Барлығы қазіргі заман талабына сай, барлығы өте әдемі. Көбіне Қазақстанда жасалған отандық дүниелерді сатып алдым. Сапасына көңілім толады. Осы балаларым мектептің алды болмаса да, еліміздің жақсы азаматы болса деп қолдан келгенше атсалысып жатырмыз.

Биыл Түркістан облысында 56 мыңнан аса бала мектеп табалдырығын аттайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың балаға көп. Сонымен қатар өңірде былтырдан бері оқушыларды мектепке қабылдау mektep.sitcen.kz порталы арқылы электронды жүйемен жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ өңірде 9151 бала аз қамтылған және көп балалы отбасыннан шыққан. Оларды мектепке дайындау үшін облыстық бюджет пен жеке демеушілер есебінен қаржы қаралып отыр. 

Ардақ Садықова, облыстық білім басқармасы басшысының м.а.:

– Осы қаражатқа балаларға мектеп формасын, қажетті құрал-жабдықтар алып беру көзделуде. 71 млн 618 мың теңгенің 70 млн 371 мыңы бюджеттен қаралған. 9151 баланың 8037-сін бюджет есебінен қамтимыз. 1114 баланы демеушілер есебінен.

Биылғы жаңа оқу жылында облыста бірқатар жаңашылдық болады. 4, 9, 10 сынып оқушылары жаңартылған білім мазмұнымен оқиды. Яғни 11 сыныптардан басқаның барлығы жаңа стандартпен білім алады. Сондай-ақ тағы бір ерекшелік – кәсіби бағдар пәні енгізіліп отыр. Демек бала 7 сыныптан бастап мектеп бітіргенше белгілі бір мамандықты таңдап, болашақ бағдарын айқындап алады. Сонымен қатар «биыл аймақта оқулық мәселесі туындамайды. Барлық бала 100 пайыз кітаппен қамтылады», – дейді білім басқармасының мамандары. Өйткені оқулық сатып алуға 5,5 млрд теңге бөлініп, қаржысы төленіп қойыпты. Ендігі мақсат – сол кітаптарды 25 тамызға дейін мектептерге жеткізу. Қазір осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр.

Айта кетейік, биыл жыл соңына дейін өңірде 23 мектеп пайдалануға беріледі.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы  

Хабар 24 телеарнасы