386,91 428,03 5.85
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда халқы жылына 80 мың тонна ет тұтынады

  • 142
  • UPD: 09:04, 09.08.2019

Биылғы жеті айда елімізде азық-түлік тауарлары 6 процентке қымбаттады. Соның ішінде ет те бар.

Мәселен, қой еті 11,1 процентке, жылқы еті 9, сиыр еті 7 жарым, ал құс пен доңыз етінің бағасы 6,8 процентке көтерілген. Бұл статистика комитетінің жариялаған ресми мәліметі. Ал шын мәнінде баға қалай құбылды?  

Ет дегенде бет бар ма деп бағаны білу үшін Елордадағы базарлардың біріне тарттық. Үстел үсті қызыл асқа лық толы. Қалтаңыз көтерсе түр-түрі таңдауыңызға қарай табылады. Алушы да аз емес. Жауырын мен төс бөлігін қоса алсаңыз сиыр еті мың жарым теңге шамасында сатылып жатыр. Ал жылқы етінің келісі 2 мың теңгеге жуықтайды. Бағаның қаншалықты қолжетімді екенін алушылардан сұрадық.

- Еттің бағасы жаман емес қазір. Анада қымбаттап кетіп еді. Қазір жаман емес еттің бағасы.

- Қаншадан алып жатсыз.?

- 1500-ден. Сиырдың еті. Осындай болып тұрса құдайға шүкір можно брат. Қыздар таңдауға да береді. Кішкене түсіреді де бағасын керек болса. Жаман емес қазір.

- Пенсиямыз бар ғой енді. Жетеді ғой, шүкір. Жылай бергеннен не пайда. Барын бар деу керек.

- Тікелей ет әкелетін кісілермен жұмыс жасаймыз. Өздерінің фазендалары бар. Әр аптаның 4-5-күндері сойып әкеледі. Ет тапшы болып қалатын кездер болады енді ол өте сирек кездеседі. Баға осы бір айдан бері төмен. Күннің ыстықтығынан ба білмеймін. Төмен баға қазір бізде. Құрбан айттың қарсаңында көтерілмейді.  

Бізге жолыққан кісілердің көңілі тоқ па, әлде ақшасы көп пе, әйтеуір ет қымбат деп шағым айпады. Бірақ бағаның біртіндеп көтерілгені статистикалық есептен белгілі. Оның үстіне Нұр-Сұлтан қаласы етті ең қымбат саудалайтын өңірлердің көшін бастап тұр. Сондықтан әкімдікке сұрау салып, себебін сұрадық.

Азамат Рашитов, Нұр-Сұлтан қ. Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бас маманы:

- Нарықтық экономика болғандықтан мемлекет бағаны реттеуге қатыспайды. Оған себеп, кәсіпкерлер тасымалдау өндіру, жеткізу сұраныс пен ұснысыты ескеріп, бағаны өздері белгілейді. Ал егер бағаның негізсіз өсуі байқалған жағдайда біз әкімдік өзіміздің тарапымыздан табиғи монополияларды реттеу департаментіне осы фактілердің барлығын жинап ескере отырып ақпарат жолдаймыз. Олар заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдайды осы кәсіпкерлерге қатысты. Ет бағасының қымбаттамауы үшін әкімдік келесі шараларды жасайды. Бірінші қалалық және аймақтық жәрмеңкелер өткізіледі. Маусым басынан бастап 5 жәрмеңке өткізіліп, 6 облыстан 1700 тоннадан астам өнім сатылған болатын. Екінші жайт осы бізде жақын аймақтарда орналасқан Ақмола, Қарағанды, СҚО, Павлодар облыстарынан көптеп ет келеді. Жалпы осы 5 айдың ішінде 13 мың тоннадан астам ет жеткізілді.

Бағаның көтерілуіне әсер ететін тағы бір фактор экспорт көлемінің  артуы дейді мамандар. Қазақстан сыртқы сауда палатасының мәліметтеріне қарағанда өткен жылы отандық шаруалар шет елдерге 45 миллион АҚШ долларына ет сатқан. Басым бөлігі Ресейге жөнелітлген. Сондай-ақ Иран мен өзбекстандықтардың да  қазақ дәміне қызығушылығы артқан. Әрине сұраныс көбейсе бағаның көтерілуі заңдылық. Дегенмен елорда әкімдігі әлеуметтік маңызы бар 19 тауар түріне тәулік сайын мониторинг жасайтынын жеткізді Тізімге сиыр мен тауық еті кіреді. Сондықтан бағаның шарықтауына қарсы шаралар қабылданады. Айтпақшы елорда тұрғындары жылына 80 мың тонна ет жейді екен. 

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы