386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Дәріханадан рецептсіз дәрі алу қаншалықты қауіпті

  • 141
  • UPD: 20:03, 09.08.2019

Елімізде рұқсат етілген 8 мыңнан астам дәрі түрінің 70 проценті маманның нұсқауымен берілуі тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен жылы дәріханадан дәрі сату ережесін бұзғандар 20 млн теңге айыппұл төлеген. Емдік препараттар бей-берекетсіз сатылмуы үшін автоматтандырылған жүйе де іске қосылды. Алайда дәрігерге қаралмай, өздігінен ем қабылдайтындар дәрі-дәрмекті рецептсіз алу жолдарын тапқан. 

Қазір интернет дүкендер қалағаныңды тауып береді. Қаласаңыз үйіңізге де жеткізеді. Дәрі-дәрмекті де ғаламтор арқылы сатып ала аласыз. Мұнда ешкім рецепт сұрамайды. Тексеріп көрдік. Құны қымбат антибиотикке еркін тапсырыс беруге болады. Бұл әсіресе, өзін- өзі емдейтіндер үшін оңай жол. 

Индира Рысбекова, қала тұрғыны:

– Өздеріңіз көргендеріңіздей, интернет желісінде антибиотикті табуға болады, оңай табуға болады. Бақылау болу керек. Міндетті түрде рецептпен берілуі керек. Жарамдылық мерзімі өтіп кетуі мүмкін,  аллергия болуы мүмкін. Оны бұлар қадағаламайды.

Мамандардың айтуынша, өздігінен ем қабылдайтындардың ағзасында белгілі бір дәріге тұрақтылық пайда болады. Яғни бара-бара дәрілік препараттың әсер етуі әлсіреп, ауруына ем болмайды. Мысалы, антибиотикті алайық. Мөлшерден тыс және жиі қолданудың кері әсері бар. Ем іздеймін деп, екінші бір ауру табуы әбден мүмкін. Сондықтан дәрігердің нұсқауы маңызды дейді мамандар.

Гүлнәз Қабетенова, дәрігер-терапевт:

– Қазіргі таңда антибиотикті науқастардың өздері дәріханадан дәрігердің рұқсатынсыз, тағайындауынсыз алып, қолданғандықтан, көптеген антибиотикті көп мөлшерде қолданғандықтан, асқынулар байқалуда. Антибиотикі тағайындау кезінде ең бірінші науқасты тексеру қажет. Өйткені барлық инфекция бактериалды емес, вирусты инфекция бар. Ал антибиотик вирусты инфекцияға әсер етпейді.

Қазіргі фармацевтика қаржы табу көзіне айналды, дейді дәрігерлер. Сырқаттың жағдайына алаңдайтындар аз. Ал дәріханаларда арнайы білімі жоқ қызметкерлер тұрады. Олар тек сауданың жүргенін қаласа, интернет дүкендер тіпті бақылаусыз.

Гүлнәз Қабетенова, дәрігер-терапевт:

– Бірінші шілдеден бастап антибиотиктер, гармонды заттар, құрамында психотроптық заттар бар дәрілер рецептпен босатылады. Рецептсіз тек витаминдер, шөптен жасалған жиынтықтар босатылады.

Жалпы дамыған елдерде дәрі-дәрмек бұрыннан дәрігердің рұқсатымен ғана беріледі. Бізде антибиотик өз алдына, психотроптық дәрілердің кей түрін еркін сатып алуға болады. Құзырлы органдар дәріханаларды тұтынушының арызы бойынша ғана тексере алады. Ал білместікпен дәрі алып, ауруына ауру қосып жүргендер сіз бен біз ғана. Сөйтіп біреуге жан қайғы болса, біреулер ақша тапқанға мәз.

Хабар 24 телеарнасы