384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавл саябағындағы ағаштардың көбі құлауға жақын

  • 368
  • UPD: 20:25, 09.08.2019

Петропавлда саябаққа бару да қауіпті болып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі еліміздегі ең көне демалыс орнындағы ағаштардың көбі құлауға жақын. Осыны ескерген жергілікті билік ескі талдарды күзеп, көгалданыру жұмыстарын жүргізбек.

Ал ауру ағаштардың орнына шырша, терек, сонымен қатар бақ ішіне жұпаргүл сынды өсімдік түрлерін екпек.

Владимир Козлов саябақты бес саусағындай біледі. Ол осында 30 жылдай директор болып жұмыс істеді. Қоғамдық кеңес мүшесінің айтуынша, демалыс орнында құлайын деп тұрған ағаштар өте көп.

Владимир Козлов, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Екі апта бұрын балалар алаңқайында ағаштың бұтағы cынып қалды. Абырой болғанда, жанында ешкім болмады. Естуім бойынша, ата-аналар желді күндері ол жерде жүрмейді.

Петропавл саябағы – Қазақстандағы ең ескі демалыс орындарының бірі. Қазір мұнда 160 ағаш пен бұта түрі өседі. Биыл қалалық әкімдік қызметкерлері ескі талдарды кесіп, көгалданыру жұмыстарын жүргізбек. Жоба қоғамдық кеңесте мақұлданды.

Дархан Айтпаев, қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы бөлімінің инспекторы:

– Саябақта құлайын деп тұрған 69 ағаш бар. Биыл оларды кесіп тастаймыз. Жоспар бойынша, орнына 500 қылқан жапырақты ағаш отырғызылады.

«Саябақта 1 мыңдай апатты ағаш бар», - дейді мамандар. Демалыс орнының тағдырына тұрғындар да бей-жай қарамайды. Олардың айтуынша, қазір күн ыстықта көлеңкеде отыратын жер жоқ.

Лариса Дробышева, қала тұрғыны:

– Бұрын саябақ жап-жасыл болатын. Көлеңкелі аллеялар мен орындақтар көп еді. Ішімдік ішітен орындар сирек кездесетін. Қалай дегенмен де біздің балалық шағымыздай емес.

Тұңғыш Президент саябағы 2017 жылы қайта құрылған. Басты алаң кеңейтіліп, тас төселді. Бірақ көктем сайын қопарылып қалады. Енді жұрт: «осы жолғы жұмыс сапалы жүргізілсе жөн», - деп отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы