384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мамандар Семей полигонындағы сынақ алаңдарында мал және көкөніс түрлерін өсіріп жатыр

  • 380
  • UPD: 15:37, 10.08.2019

Ұлттық ядролық орталыққа қарасты Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының қызметкерлері Семей сынақ полигонында 9 жылдан бері ерекше зерттеулер жүргізіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар аса қауіпті деген аумақтарға сынақ мақсатында шаруашылықтар құрып, мал және көкөніс түрлерін өсіріп жатыр. Бұл зерттеу жұмыстары мал өнімдері мен көкөніс құрамындағы улы заттардың көлемін анықтауға мүмкіндік береді.       

Семей ядролық сынақ полигоны ресми жабылысымен қауіпті аймаққа жақын елді мекендердің тұрғындары ғылыми зерттеу жұмыстарына қолдау көрсету мақсатында ауыл шаруашылығымен айналысады. Радиациялық қауіпсіздік және экология ҒЗИ ғалымдары 2010 жылдан бері ерекше әрі табиғи жағдайда мал өсіріп, егін егіп алған өнімдердің құрамындағы радионуклидтер құрамының сынамаларын алып жатыр.

Андрей Паницких, Эко жүйелерді кешенді зерттеу бөлімінің басшысы:

– Біздің фермерлік шаруашылық орта қуатты жерасты ядролық сынақтары жүргізілген әлі де болса қауіпті аумақтарға арнайы орналасқан. Біз осы жерде зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әрине, өз бетінше жайылып жүрген малдың етінде радионуклид құрамы төмен, ал біз нақты дәйектемелер алу үшін қолдан өсіріп отырған малдың азығына қауіптілігі жоғары жем-шөп құрамын әзірлеп береміз. Мұнда өсірілетін малдың еті мен сүті де, көкөністер де тек ғылыми мақсатта пайдаланылады. 

Табиғи зертханадағы жұмыс та кәдімгі шаруа қожалықтарының тірлігі секілді малды қоректендіруден басталады. 

Сымбат Байғазы, екінші дәрежелі техник:

– Қазір біздің 9 бас қой және 9 бас ешкіміз бар. Сауын ешкілері. Ал қойлар осы жергілікті малдың тұқымы. Бәрінің күйлері жақсы, жем-шөпке де тәбеттері жоғары.  

Дәл осы шаруашылықта көкөністер де өсіріледі. Соның бірі – картоп. Оны өсіретін топырақ құрамы полигон аумағындағы әртүрлі сынақ алаңдарынан алынған. Олардың дақылдары зертханалық жұмыстар мақсатында ғана кәдеге жаратылады. Зертхана жұмыстары басталғалы бері ғалымдар көптеген тың мәліметтерге қол жеткізген. Мамандардың айтуынша, Семей полигонындағы сынақ алаңдарынан тыс жерлерде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінде радиациялық қауіп жоқ. Дегенмен жерді ауыл шаруашылығы саласы мақсатында толықтай пайдалануға болады деген тұжырым жасауға әлі ерте. 

Авторлары: Бекен Әлирахым, Әсем Өтешова, Берік Жобалайұлы 

Хабар 24 телеарнасы