386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбедегі әуе қорғанысы күштерінің институтына талапкер қабылдау басталды

  • 117
  • UPD: 20:50, 10.08.2019

Ақтөбедегі әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына талапкерлерді қабылдау басталды.

Қазірдің өзінде мұнда білім алып, ұшқыш болғысы келетін 300 жастан өтініш түскен. Дегенмен, талап қатаң! Сыннан сүрінбей өткен үздіктер ғана арманына қол жеткізе алады.

Бұл балалардың көбі ұшқыш болуды армандап, Ақтөбеге арнайы келген. Арасында мамандандырылған мектептердің түлектері де бар. Сондықтан да тез меңгеріп кететіндеріне сенімді.

Бақытбек Ахан, талапкер:

- Мен және басқа абитуриенттердің  әуе қорғанысы күштерінде өзін көрсету. Сол арманға үлкен баспалдақ осы институтқа түсу. Институтқа келгелі бері бізге, психологиялық тест тапсыруға, физикалық тест тапсыруға барлық жағдайлар қарастырылып, жасатылған.

Жоғарғы оқу орнына өтініш берген 300 адамның 20-сы психологиялық тест тапсырудан сүрінген. Тағы 40 талапкердің денсаулығынан дәрігерлер түрлі ақаулар тауыпты. Бұдан бөлек оқуда озат болу да басты шарт. Болашақ ұшқыштар үшін математика мен физикаға жүйрік болғаны жөн. Тез шешім қабылдай білу, әрекет ету және қатаң тәртіпке мойынсұну да қажет.

Жасұлан Қошқаров,  курсанттар батальонының командирі:

- Бірінші және екінші кезеңдегі медициналық сараптаманы өздерінің қалаларында өте алады. Үшінші кезеңде дайындығының тексерісі оған 100 метр қашықтыққа жүгіру, белтемірге тартылу және де үш мың метр қашықтыққа  жүгіру жатады. Осы талаптар белгілеген нормативтер тапсырса, таоапкер осы оқуға түседі.

Әскери институтқа түскісі келетін талапкерлердің саны биыл жылдағыға қарағанда көп. Бір орынға 4 үміткерден келіп тұр. Кімнің қабылданғаны 13 тамызда белгілі болмақ. Жолы болған жастар кейін оқу орнында тегін білім алып, шәкіртақымен қамтылады. Айта кетейік, институттың 45 жылдық тарихында мыңнан астам офицер даярланған екен.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы