386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Құрылысшы – құрметті мамандық

  • 182
  • UPD: 08:32, 11.08.2019

Бүгін елімізде Құрылысшылар күні тойланады.

Кәсіби мерекені 600 мыңнан астам адам атап өтеді. Тәуелсіздік жылдарында аталмыш сала өкілдерінің табанды еңбегінің арқасында 140 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Жүздеген әлеуметтік нысандар бой көтерді.

Бірнеше тонналық кірпіштерді кран көтеріп барады. Ал алып техниканы қазақ қызы басқарып отыр. 45 жастағы Жанбота Үсенова әкесінің жолын жалғап, еліміздің көркеюіне өзінше үлес қосуда. Алғаш рет елордадағы «Нұр Астана» мешітінің құрылысына қатысқан. Міне 17 жыл бойы мұнаралы кранды тізгіндеп келеді. 3 баланың анасы атқарып жатқан жұмысының жауапты екенін айтады.

Жанбота Үсенова, мұнаралы кран операторы:

– Әрқашан қарап отыру керек. Техника болғаннан кейін оған да ешқандай кепілдік болмайды. Сондықтан өзіне байланысты. Ұқыпты болу керек. Астында жүрген адамдар сенің үстінен жүк әкетіп бара жатқаныңды білмейді. Сондықтан сол адамдардың да өміріне жауаптысың, өзіңнің де өміріңе жауаптысың. Әрине қиын.

Ел астанасы күннен күнге көркеюде. Қаладағы сәулетті үйлердің бой көтеруіне Мырзахан Омаровтың да үлесі тиген. Ғұмырының 30 жылын осы салаға арнаған азамат қазір құрылыс алаңындағы қауіпсіздікке жауап береді. Семейдегі техникумның түлегі болған білікті маман әріптестерімнің амандығы маңызды дейді. 

Мырзахан Омаров, қауіпсіздік жөніндегі инженер:

– Балон жарылып кетіп, 5 жігіт қаза тапты. Содан мен краннан инженерге ауыстым. Сол кезде өзіме серт бердім. Болашақта мұндай болмаса екен, қазақтың жігіттері аман жүрсе екен деп, 2008 жылдан бастап, қауіпсіздік жөніндегі инженер болып жұмыс істеп жүрмін.

Еліміздің әлеуеті құрылыс қарқынымен сыналады. Қарқынды құрылыс зейінді жастардың күшімен жүзеге асады. Кейіпкеріміз қазір жастарға қамқорлық танытып, ағалық ақылымен бөліседі.

Серік Оразбайұлы, құрылысшы:

– Бәріміз бір ұжым болып, бір құрылыс алаңында істегеннен кейін, ол кісімен кеңесіп, ақыл-кеңес сұрап, құрылысшылардың қауіпсіздігін сақтау үшін бәріміз бірге жұмыс істейміз.

Төл мерекелеріне қарамастан, құрылысшылар құрылыс алаңында жүр. Осылайша, мемлекет іргесін беки түспек. Себебі құрылыс – экономикамыздың локомотиві.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Әнуар Тәуекелов, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы