386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісуда 354 мыңнан астам оқушыны жазғы демалыспен қамту жоспарланған

  • 127
Жетісуда 354 мыңнан астам оқушыны жазғы демалыспен қамту жоспарланған

Алматы облысының Сарқан ауданындағы әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасынан шыққан 1200 бала жазғы лагерьлерде демалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал Жоңғар Алатауының баурайындағы Аманбөктердің әсем табиғаты аясында 300 жасөспірім тыныққан. Жетісу жерінде биыл жазғы демалыспен барлығы 354 мыңнан астам оқушы қамтылады. 

Жазғы лагерьде спорт секциялары мен көркемөнер, музыка және би үйірмелері де жұмыс істеп тұр. Мұндағы балалар тауға шығып, сарқыраманы тамашалауға, драмалық қойылым қойып, би кештеріне баруға да уақыт табады. Аманбөктердегі «Күншуақ» жазғы лагері екі айдың ішінде 300 оқушыны қабылдады.   

Данара Хайролла, оқушы:

– Мен бұл лагерьге алғаш рет келіп тұрмын. Бұл жақта өте керемет. Табиғаты, ауасы да керемет. Мұғалімдері де керемет, балаға өзінің бар махаббатымен қарайды. Аналарға көмектесуді, ұқыптылықты, тазалықты бәрін үйретті.

Бұл балалар үшін жазғы лагерь салтанатты сап түзеп, патриоттық тәрбиеге үндейтін әндерді шырқаумен, ұран сөздерді қосыла айтумен де есте қалады. Жан-жақтан келіп, бір-бірімен әсем табиғат аясында табысқан оқушылар жазғы демалыстарын өте көңілді өткізуде.

Бақыт Рыскелдина, жазғы лагерь директоры:

– Біздің Сарқан ауданы әкімдігінің бастауымен осы лагерь 3 жыл қатарынан жұмыс жасап отыр. Ертең біз балалармен қош айтысайын деп отырмыз. 1100 бала қабылдадық 3 жылдың ішінде. Балалардың көңіл-күйі өте тамаша, керемет. Оны өздеріңіз де көріп тұрсыздар.

Алматы облысында биыл 30-дан астам жазғы лагерь жұмыс істеді. Бұған қоса спорттық лагерьлер мен мектеп жанынан құрылғандары да өте көп. Жетісу жерінде 354 мыңнан астам оқушыны жазғы демалыспен қамту жоспарланған. Соның 40 мыңға жуығы – әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан балалар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы