386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалықтар Айт мерекесінде құрбандық шалып жатыр

  • 164
  • UPD: 20:59, 11.08.2019

«Раббың үшін құрбан шал!». Құрбан айт мерекесіне орай елорда мешіттері ұйымдастырған акция осылай аталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала тұрғындары мен қонақтары таңсәріден бас шаһар мешіттеріне ағылып, Айт намазына қатысты. Жамағат құрбандыққа ірі қара мал мен қой шалды. Етті мұқтаж жандарға таратты.

Мейірлан Алтынбек, тілші:

- Күллі мұсылман жамағат үшін ұлық мерекелердің бірі - Құрбан айт күнінде барша мұсылман қауым елорда мешіттеріне барып, таңғы Айт намазына қатысты. Артынша елорда іргесінде орналасқан базарлардың бірінде құрбандық шалды.

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай Қажы Ораз қала сыртындағы базарға барып, иісі мұсылман азаматтармен кездесті. Діни мерекемен құттықтап, қасапханадағы жұмыс барысымен де танысты. Артынша Құран бағыштап, өз атынан құрбандық шалды.

Серікбай қажы Ораз, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

- Осы Айт мерекелерінде кісілердің қалын біліп, ауырған, сырқаған кісінің көңілін сұрап, адамдардың көңіліне бір қуаныш сыйласа, бұл өте бір үлкен сауапты іс болып саналады. Елімізге амандық берсін, Айтымыз құтты, мүбәрак болсын. Қайырымды жандар көп болсын. Алла Тағала осы бірлігімізді, ынтымағымызды лайым баянды етсін. Айттан айтқа, айдан аман, жылдан есен болып жетуді Алла баршамызға нәсіп етсін, ИншАлла.

«Раббың үшін құрбан шал» акциясына атсалысқандардың қарасы көп. Ал мерекелік бағаға келетін болсақ, өткен жылғы құннан сәл өскені байқалады. Қасапшының толық қызметі шамамен 5 мың теңгеге жуықтайды.

Мейірлан Алтынбек, тілші:

Қалың жұрт елорда іргесіндегі базарларға ағылды. Мақсат бір - құрбандық шалу. Ірі қара мал еті 300 мың тг үстінде болса, қой еті 35 пен 45 мың теңге аралығында.

Қасиетті Айт мерекесінде жылдағы үрдіс бойынша келушілер үшін киіз үйлер тігіліп, жергілікті әкімдіктің ұйытқы болуымен жағдай жасалды. Арнайы құрбандық шалынатын орындар белгіленіп, мешітке келген жамағатқа дін мен дәстүр аясында төл спорт түрлерінен жарыстар мен жәрмеңке ұйымдастырылды.

Өлмесхан Болатбеков, елорда тұрғыны:

- Менің бір аса қуанатын нәрсем, әлгі Алтай мен Ақжайықтың ортасындағы Алатау мен Арқаның ортасындағы құстың қанаты талатын, аттың тұяғы тозатын ұлан-байтақ елде тұратын халқымыздың күн өткен сайын бірлігі, ынтымағы, осы бүгін Құрбан айт мерекесіне ағылып, елордадағы бүкіл мешіттердің іші тәу еткен халыққа толып, осының барлығы халықтың бірлікке, дінге, ділге деген үлкен бір көзқарасын білдіреді.

Айта кетейік, өткен жылы елорда мешіттері ұйымдастырған науқанда жалпы 100 тоннадан астам ет таратқан екен. Биыл да айттың алғашқы күнінде-ақ құрбандық шалып, кем-кеттікке үлестіріп жатқандар көп.

Еске салайық, Құрбан айт мерекесі әлі 3 күнге жалғасады.

Авторлары: Мейірлан Алтынбек, Марат Диқанбаев

Хабар 24 телеарнасы