385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысының Райымбек ауданында тау туризмі дамып келеді

  • 124
  • UPD: 22:30, 11.08.2019

Нарынқол өңірі ежелден өзінің әсем табиғатымен ерекшеленеді.

Әсіресе, тау туризмін дамытуға өте қолайлы аймақ болғандықтан, ауданға инвесторлар келіп, жаңа демалыс орындары салына бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы Алматы облысының Райымбек ауданына былтыр 10 мың турист келсе, соның 150-дейі Хан Тәңірінің етегіндегі Мәрмарқабырғаны көруді қалаған. Олардың барлығы шетелдіктер. Осындай әлеуеті бар өңір қазір аудан орталығы Нарынқол мен Шоғансайдың арасын байланыстыратын тас жол төсеп жатыр.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Біз қазір Қазақстанның Швейцариясына баланған Нарынқол өңіріндегі «Шоғансай» демалыс орнында тұрмыз. Бұл жердің ашылып, жұмыс істей бастағанына биыл 6 жыл болды. Мұнда келушілер қатары жыл сайын көбейіп келеді.

Туристерді әрине, Нарынқолдың әсем табиғаты қызықтырады. Көгінде қазбауыр бұлттар қалықтап, төсінде көк майсасы масатыдай құлпырған Шоғансайда аунап-қунап, қымыз ішіп, саумалмен емделіп жатқандар бүгін де аз емес екен.

Секерхан Жүнісова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Мынау он Швейцарияға татитын жер екен біздің жеріміз. Саумалын сауып, жылыдай ішкізіп жатыр. Қымызын шайқап, оны ішкізіп жатыр. Сонау Кореядан, Италиядан келіп, адамдар демалып кетеді екен.

Сәрсемхан Нұрбекқызы, серіктестік директоры:

- Осы қол тағамдарын дайындаймыз. Халық күннен күнге көп келіп жатыр енді. Осы айда, әсіресе, тоқтаусыз, сыймай жатқан ел. Біздер енді жаңа еуростандарт гқонақүй салуымыз керек.

Еуропалық талапқа сай қонақүйлерге жетіп жығылу үшін ең алдымен тақтайдай тегіс жол керек. Әзірге бұл өңірдегі демалыс орындарына апаратын жолдардың жағдайы сын көтергісіз күйде.

Самат Сатылғанов, Райымбек ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда біздің ауданға күніне 30-35 адам демалуға кіріп, қайтадан шығып жатыр. Бұл енді алдыңғы жылдарға қарағанда өте үлкен қозғалыс, өте үлкен жылжу. Проблема да жоқ емес. Жер бар, табиғат аясы бар, біздің қиналып жатқанымыз, тау арасындағы жолдармен жүру кішкене қиындықтар туғызып отыр.

Мамыр айында Нарынқол мен Шоғансайдың арасын байланыстыратын тас жолға күрделі жөндеу жасала бастады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінген. Оның құрылысы 2020 жылы аяқталады.

Ғабиден Сәрсенбиев, мердігер компания өкілі:

- Жолдың ұзындығы 28 шақырым. Ені 7 метр. Қалыңдығы 7 сантиметр. Қазір, міне, асфальт салынып жатыр. Көпірлерді салып жатыр жұмыскерлер.

Нарынқолдағы Үш қақпақ демалыс орнының ашылғанына 1-2 жылдың жүзі болды. Мұнда келушілер де жолдың жағдайына сын айтуда. Бұл жерде болашақта саятшылықпен, ұлттық ат спорты түрлерімен айналысуға арналған орталықтар мен жылыжай кешендері ашылады. Патшабалық шаруашылығы қазірдің өзінде жұмыс істей бастаған.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы