387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Экологтар өскемендіктерге көшеге шықпауға кеңес берді

  • 186
  • UPD: 20:36, 12.08.2019

Бүгін өскемендіктердің сыртқа көп шықпай, үйде отыруына тура келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экологтар қала тұрғындарына тіпті терезені ашпауға нұсқау берген. Өйткені облыс орталығында екінші күн қатарынан күл-қоқыс алаңы өртеніп, жұрттың тынысын тарылтты.

Өскемендегі қатты қалдықтар алаңы жиі жанады. Бұл жолы күл-қоқыс алаңы кешке қарай тұтанып, өрт сөндірушілер тілсіз жауды таң ата бірақ сөндірді. Тұрғындар: «көрген күніміз осы», - дейді.

Валентин Литвиненко, қалалық ТЖБ аға офицері:

– Қиындық тудыратыны, өрт күл-қоқыстың астынан бықсып жанады. Тілсіз жау 1 гектар жерді шарпыды. Сондықтан арнайы техникалар тартылып, оттың өршуіне жол берілмеді.

Өрт сөндіруге 30 арнайы техника жұмылдырылды. Күл-қоқыстың жанында Красина мен Лесхоз кенттері орналасқан. Төнген қауіптен тұрғындар кезекшілікке шықты.

Наталья Искакова, қала тұрғыны:

– Өрт бізге де жетуі мүмкін. Шөп құрғақ, оның үстіне жел. Әсіресе, таңертең лапылдап жанды. Қазір басылған сияқты.

Тілсіз жаудан қою түтін будақтап, ауаға тарады. Тұрғындар осыған алаңдайды. Аспан көк түтін.

Виктор Савинов, қала тұрғыны:

– Әрине, қауіпті. Тыныс алу мүмкін емес. Киім-кешектеріміз иістеніп кетті.

Экологтардың айтуынша, өрттен ауадағы улы заттар артқан. Әсіресе, хлор мен сутегінің мөлшері шамадан тыс көрінеді.

Елена Полянская, эколог:

– Бұл газдан адамның тамағы жыбырлайды. Жұтқыншағына әсер етеді. Тіпті, ағзасы улануы мүмкін.

Бұл ретте мамандар тұрғындарға көшеге шықпауға кеңес береді. Әзірге оқиға орнында төтенше жағдай қызметкерлері жұмыс істеп, өрттің себеп-салдарын анықтап жатыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Әнел Есенбердина, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы