386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандылықтар Арыстағы жөндеу жұмыстарын аяқтады

  • 166
  • UPD: 23:00, 12.08.2019

Қарағанды облысы Арыстағы жөндеу және құрылыс жұмыстарын алғашқылардың бірі болып аяқтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеншілер өңірінен барған 20-дан астам құрылыс фирмасы жарылыстан зақым келген баспаналарды қайта қалпына келтірді. Тұрғындар үйлеріне ертерек оралу үшін 400-ге жуық маман күндіз-түні тынбай еңбек етті. 

Арыс қаласында болған жарылыстан мына бес қабатты тұрғын үйдің терезелері сынып, қабырғасы сөгілген еді. Сондай-ақ есіктерімен шатыры да зақымданған болатын. Қарағандылық құрылысшылар небәрі екі аптаның ішінде олқылықтың орнын толтырды.

Бота Бижанова, Арыс қаласының тұрғыны:

– Есігіміз, тереземіз ауыстырылып, үйіміз жөнделді. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Жақанұлына, жұмыскерлерге рақмет. Үйімізді жөндеуге қаржыны қайдан табамыз деп отырғанда, бәрін тегін жөндеп берді.

Қарағандылықтардың төтенше жағдайлар салдарын жоюда тәжірибелері мол.

Алғашқы күннен бастап арнайы штаб құрып, жауапты мамандар атқарылатын жұмыстың жоспарын әзірледі. Тапсырмаға асқан жауапкершілікпен қарап, құрылыс жұмыстарын алғашқылардың бірі болып аяқтады.  

Тайхан Қалмаханов, Қарағанды облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Тұрғындардың өтініштерін тыңдау үшін арнайы орындар бекітілді. Халық өздерінің талаптарын айтуға штабқа барып, уақыттарын жоғалтқан жоқ. Әрқайсысын өз үйінде қабылдадық.

Жарылыстан соң, үйлерді қалпына келтіруге 25 құрылыс компаниясынан 400-ге жуық маман қатысты. Барлық атқарылып жатқан жұмыстарды облыс әкімі Ерлан Қошанов өз бақылауына алды.

Бір айдың ішінде қарағандылық құрылысшылар 519 пәтер мен 72 жекеменшік үйді жөндеді. Мұнымен қоса, демеушілік қаражатқа спорт алаңқайын тұрғызып берді. Бұл балалар үшін тосын сый болды.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Юлана Чаус, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы