387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбелік кәсіпкер жаңа үлгідегі жылыжай кешенін тұрғызды

  • 133
  • UPD: 09:28, 13.08.2019

Оның ерекшелігі сол, ашық аспан астындағы көкөніс алқабымен салыстырғанда бірнеше есе мол өнім береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді мұнда өсірілген дақыл түрлері таяу күндері тұтынушыларға жеткізілетін болады. Кәсіпкер қолданған технологияны қазір өзге әріптестері де меңгеруге ниет танытып отыр.

Болат Отарбаевтың қала сыртына орналастырған жылыжай алқабы әдеттегі ауылшаруашылық құрылымынан аса айырмашылығы жоқ. Дегенмен, басты ерекшелігі – арнайы торды қолдануында болып тұр. Аталған тор бір мезгілде күн көзін өткізіп, желдетуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ өсімдіктерді жағымсыз ауа райынан және жәндіктерден қорғайды. Нәтижесінде өнімнің бітік шығуына да септігін тигізеді.

Болат Отарбаев, кәсіпкер:

Жылыжай ісінде торды қолдану үлкен маңызға ие. Мұнда тұқым себу және суару жүйесі дәстүрлі негізде болғанымен, бір маусымда бірнеше мәрте өнім алуға болады. Әрі өсімдіктер зиянкестерден қорғалады. Нәтижесінде шығымы да жақсы.

Шаруашылық иесі бұл технологияны израильдік әріптестерінен меңгерген. Аталған елде көкөніс өнімдерінің басым бөлігі осындай жылыжайларда өсіріледі екен. Net House немесе «тор үй» деп аталатын жобаны іске асыру үшін 15 млн теңге қаржы жұмсалған. Ерекше әрі аса шығын қажет етпейтін жобаны меңгеруге өзге де шаруалар қызығушылық танытып отыр.

Владимир Ким, облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

- Қазір бұл тәжірибені жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерге ұсынып жатырмыз. Олардың тарапынан қызығушылық бар. Айта кетерлігі, бұл өте үздік жоба деп айтуға болады. Себебі, көп шығынды талап етпейді және өзге жылыжайлармен салыстырғанда бір ай ерте өнім жинайды. Біз соңғы жылдары осындай үш бастаманы сүйемелдеп, қолдау көрсеттік.

Жылыжай ісіндегі жаңа технологияның құндылығын ауыл шаруашылығы бөліміндегі мамандар да мойындап отыр. Егер қолданушылар көп болса, нарықта ақтөбеліктердің сұранысын қанағаттандыруға зор мүмкіндік туатынын айтады. Әсіресе, картоп, сәбіз, қырыққабат және өзге көкөніс түрлерін өсіру керек дейді. Себебі, аталған өнімдер облыс орталығына өзге өңірлерінен жеткізіледі.

Мұрат Тоқболатов, қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Біздікіндей көкөністер келіп жатыр. Оларда ертерек шығады. Сол ертерек піскеннен кейін бізге жеткізіледі. Ол сәуір, наурыз, мамыр айларында. Содан кейін өзіміздікі өседі. Қазір өздеріңіз білесіздер, бағалары аз болса да түсіп жатыр.

Бүгінде Ақтөбе аумағындағы 34 гектарға орналасқан 10 жылыжайда негізінен қияр мен қызанақ өсіріліп, жергілікті нарықты толық қамтып отыр. Тіпті өнімдерінің жартысына жуығын еліміздің солтүстік аймақтары мен Ресейге жіберуде. Ал жыл соңына дейін тағы да 3 нысанды іске қосу жоспарланған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы