385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда биыл 32 мың бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды

  • 142
  • UPD: 09:29, 13.08.2019

Биыл жаңа оқу жылынан бастап жалпы білім беретін мектептердің 4, 9, 10 сыныптары жаңартылған білім мазмұнына көшеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа бағдарламаға сай оқулықтар да дайын. Білім саласының мамандары «оқулықтар жеткілікті» деп отыр.

Тамыздың ортасынан ауа жаңа оқу жылының «жыры» басталады. Биыл жаңа заңнама бойынша 6 жасқа толған балалар 1-сыныпқа қабылданады. Сәйкесінше, бала саны да артады. Мәселен, Алматы қаласы бойынша өткен оқу жылында 1-сыныпқа 29300 бала келген болатын болса, биыл 32 мың бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Балаларға оқулық жеткілікті болу үшін алдын ала тапсырыс берілген.

Гүлнар Қожабергенова, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Оқулық мәселесіне келетін болсақ, оған жергілікті бюджеттен 3,7 миллиард теңге қаражат бөлінді. Қазір баспалардан оқулықтар мектептерге жеткізіліп жатыр. Осы айдың 20-ына дейін толық жеткізіліп бітеді. Ол тек көпбалалы отбасынан шыққан балалар ғана емес, жалпы бізге келетін 258 мың баланың бәрі тегін оқулықпен тегіс қамтамасыз етілетін болады.

Бала санының артуынан мектептерде орын тапшылығы да сезіледі. «Алматыдай үлкен мегаполисте бұл қалыпты құбылыс», - дейді мамандар. Есеп бойынша мектепке келетін балалардың саны жыл сайын 14-15 мыңға көбейіп отырады.

Гүлнар Қожабергенова, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Келген баланы қабылдауға, оқытуға біз міндеттіміз. Орын тапшылығы бар, ол мәселені де шешу жолдары қазір айқындалып жатыр. Мектептердің жанына жапсарлас ғимарат салу практикасы бізде бар. Өткен оқу жылында 3 мектепке жапсарлас ғимарат салынды. Қазіргі уақытта 4 мектепке жапсарлас ғимарат салу жүріп жатыр. Ол да жаңа мектеп деп есептеуге болады. Мектептегі орын тапшылығын кезең-кезеңімен шешу жолдарын қарастырып жатырмыз.

Мектеп формасын арнайы бір өндірушіден алу міндеттелмейді. Тек бекітілген стандартқа сай болса болғаны. «Ал бірінші сыныпқа қабылдау үшін оқушыдан тест алу талапқа жатпайды», - дейді білім саласының мамандары.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев

 

Хабар 24 телеарнасы