385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда «Нефтехим LTD» зауытында болған апатқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр

  • 99
  • UPD: 08:37, 13.08.2019
Павлодарда «Нефтехим LTD» зауытында болған апатқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр

Ұнтақты полипропилен цехында болған жарылыс үш қызметкердің өмірін үзіп, бірнеше адамды мүгедек қылды. Оқиға үш жыл бұрын болса да, сот отырысы аяқталған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сот алдында өндіріс ошағының бас инженері жауап беруде.

Әнзиля Бейсенованың ұлы Қуаныш Ысқақов «Нефтехим» зауытында небары жарты жыл еңбек етті. Апат кезінде жас маман полипропиленді орау цехында жұмыс істегендердің қатарында болып, ажал құшты.

Әнзиля Бейсенова, зардап шегуші:

- Ол нағыз қауіпті жер ғой. Бір жағдайда технология дұрыс жүрмесе, ана дабыл жүйесі шығып кетуге белгі береді ғой. Дабыл болса, түгелі шығып, аман қалушы еді. Ал сол кісінің, инженердің қателігінен сол күні бір бастық барып, алты күннің ішінде тексермеген, қарамаған. Әйтеуір балаларды қоя беріп, «сендер барыңдар, істеңдер, істемесеңдер жұмыстан кетіңдер» дегендей.

Арнайы комиссия жүргізген тексеріс нәтижесінде ұнтақты полипропиленді орау цехында өрттің жиналған газ салдарынан туындағаны анықталды. Екі жыл бұрын сот кәсіпорын басшылығын кінәлі деп таныды. Олардың қатарында болған ауысым бастығы мен бас инженердің бостандығы шектелді. Дегенмен, зауыттың бас инженері Олег Тимошов бірінші инстанциядағы сотқа шағым түсіргені белгілі болды.

Алмагүл Құсдәулетова, сотталушы Олег Тимошовтың қорғаушысы:

- Зауытты модернизациялауға қажетті құжаттардың дұрыс ресімделмеуі апатқа қатысы жоқ. Біздің ойымызша, қайғылы оқиғаның орын алуы белгілі бір тұлғаларға қатысты емес. Олардың әрекетіне құқықтық баға берілмеген, сондықтан қорғалушы кінәлі емес деген пікірдемін.

Еске салсақ, қайғылы оқиға 2016 жылдың қаңтарында болды. Үш жыл бұрын «Нефтехим LTD» зауытында бейқам жұмыс істеп жүрген үш адам көз жұмып, үйлеріне оралмады. Ал бір қызметкер мүгедек атанды. Айыптаушы тарап Олег Тимошовтың ҚР Қылмыстық кодексі 156-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, бостандығына үш жылға шектеу қоюды сұрауда. Үш зауыт қызметкерінің өмірін жалмаған апатқа қатысты қылмыстық іс 26 томнан тұрады. Бүгінгі сот отырысындағы қос тараптың пікірталасы 2,5 сағатқа созылды. Ал соттылушының соңғы сөзі 16 тамызда тыңдалатын болады.

Авторлары: Ақмарал Есміханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы